Зарина Дияс Страсбург турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Страсбург WTA турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 72-ракеткасы З.Дияс алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 79-орында тұрған америкалық Кристина Макхэйлмен күш сынасты.

Заринаның бастапқыда қарсыласы чехиялық Барбора Стрыцова болып белгіленгенімен, ол келмей қалды да, орнына америкалық спортшы шықты.

Үш сетке созылған матч өте тартысты өтті.

Бірінші партияда тай-брейкте К.Макхэйл басымдылық көрсетті – 7:6 (7:4).

Екінші сетте Зарина Дияс есе қайырды – 7:5.

Үшінші, шешуші партияда әуелі қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шыққанымен, қарсыласы да қарап қалмады. Дегенмен есеп 4:4 болғанда, Зарина брейкке қол жеткізді. Әйтсе де матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры кездесу тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

Бәсеке 3 сағат 11 минутқа созылды.

Зарина екінші айналымда US Open турнирінің 2017 жылғы чемпионы, әлемнің 33-інші, турнирдің 8-ракеткасы, америкалық Слоан Стивенс немесе рейтингте 83-сатыдағы жапониялық Нао Хибиноның біреуімен сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Д.Попконың Ролан Гаррос доасының іріктеу сайысын сәтті бастағанын, Е.Рыбакинаның Страсбург турнирінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар