Заң шығару ісіндегі азаматтардың белсенділігі қандай – сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтында халықты әлеуметтік тұрғыда қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талқылауға «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «КазЮрКонсалтинг» ЖШС серіктесі Ерлан Бузурбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, сарапшылар қатысты.

Онлайн режимдегі отырыс барысында Ерлан Бузурбаев халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама мәселелеріне жүргізген зерттеу қорытындысымен бөлісті.

«Мемлекеттің жауапкершілігінің негізгі әрі ауқымды бөлігі – қоғамға, қолдау мен көмекке мұқтаж санаттағы азаматтарға қатысты әлеуметтік саясатты жүргізу. Әлбетте заңнаманың белгілі бір дәрежеде шектеуші сипаты бар. Ал адамның басты міндеті – мемлекеттік аппарат қызметін жалғастыруы үшін салықты уақтылы төлеу. Мемлекеттік реттеу мен қазіргі заңнама жүйесі – азаматтардың құқығы мен еркіндігін айқындайтын Конституцияға негізделеді», - деді Ерлан Бузурбаев.

Сарапшының айтуынша мемлекеттің міндеттемелік ауқымы өте үлкен.

«Мемлекет әлеуметтік салада өте ауқымды міндеттемеге ие. Мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау, көмек көрсету жұмысы енеді», - деді ол.

Сонымен бірге Ерлан Бузурбаев қазіргі таңда елімізде заңнамалық үрдіске қатысты белгілі бір проблеманың барын ашып айтты. Сарапшының есептеуінше, азаматтар заң шығару процесіне айтарлықтай тартылмаған.

«Жобаларды талқылауға арналған «Ашық НҚА» порталы https://legalacts.egov.kz/ азаматтардың заң шығару ісіне сирек араласатынын көрсетеді. Менің ойымша, олардың бұл селқостығының себебін әртүрлі жағдайға, құралдарды жетілдіру, халықтың өз құқығынан хабарсыз болуына байланысты түсіндіруге болады. Әйтсе де менің ойымша, мұндай диалог алаңдарында белсенділік танытпаудың себебі – азаматтардың мемлекеттік бастамалардың көбіне сенімінің болмауынан дер едім», - деп есептейді сарапшы.
Соңғы жаңалықтар