Юрий Булуктаев: Сайлаудың Конституция бекіткен мерзімде өтуі – саяси жүйенің тұрақтылығының көрсеткіші

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сайлаудың Конституция бекіткен мерзімде өтуі – саяси жүйенің тұрақтылығының көрсеткіші. Алдағы Парламент сайлауы жайлы саясаттанушы Юрий Булуктаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның егеменді тарихында мерзімінен бұрын парламенттік сайлау бес рет өтіпті. Сыншылар бұл сайлауларды «кезектен тыс кезекті сайлау» деп қағытатын. Сол себепті алдағы Парламент сайлауының конституциялық мерзімде өтуі – қазақстандық саяси тәжірибедегі жаңа леп қана емес, елдегі саяси жүйенің, транзиттің тұрақтылығының көрсеткіші», - дейді Юрий Булуктаев.

Оның айтуынша бұрын «Nur Otan» партиясына басымдық беріліп келсе, алдағы сайлауда оппозициялық партиялардың да мүмкіндігі мол болғалы отыр.

«Қазақстанның партиялық алаңындағы басқа да субъекттер қазір жұмысын күшейтері анық. Бүгінге дейінгі мәліметтерге қарасақ, тіркелген партиялардың бәрі де сайлауға қатысуға ниет білдіруде. Әйтсе де олардың дайындығы да әрқилы. Мәселен ҚХКП сайлауға дайындық жұмыстарын екі бағытта жүргізіп жатыр. Олар: әлеуетті депутаттарды, агитаторлар мен бақылаушыларды цифрлық платформалардың көмегімен партияның ішкі тәртібіне сай оқыту, сондай-ақ БАҚ, әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы азаматтарға насихат жұмыстарын жүргізу. Ал «Ақ жол» партиясы жыл басынан бері аймақтардағы халықпен кездесулер легін өткізіп, қатарын жаңа адамдармен толықтырып, қазақстандық бизнесті қолдау үшін Үкіметке дүркін-дүркін хат жолдауда. Өзін бірден-бір оппозициялық партия санайтын ЖСДП 2019 жылы партияішілік дау-дамайдан өтіп, төрағаларын үш рет ауыстырды. Партия бойкот жариялауды ойлап отырған жоқ. Электоралды күрестен екінші рет бас тартқан жағдайда ол жойылып кетуі мүмкін. Белсенділігі керемет болмаса да «Ауыл» мен «Бірлік» партиясы да сайлауға қатысатындарын жария етті. Сайлаудың өтетіні жарияланды. Электоралды кампанияның қарқыны енді үдей түседі. Кімнің жеңімпаз екенін уақыт көрсетеді», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялаған болатын.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды», - деді Президент үндеуінде.



Соңғы жаңалықтар