Ыбырай Алтынсариннің жеке бұйымдары мен түпнұсқа қолжазбалары елорда музейіне қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің «Даланың дара ұстазы» атты көшпелі көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Көшпелі музей ұлы ағартушының 180 жылдық мерейтойына орай, еліміздің көптеген өңірлерінде ұйымдастырылады.

«Бүгінгі көрмеге Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин музейінен және Арқалық педагогикалық институты жанынан құрылған музейден алынған 50-ге жуық жәдігер қойылып отыр. Оның ішінде Ыбырай Алтынсариннің отбасы қолданған тұрмыстық бұйымдар, ет жеген табағы, қымыз ішкен тостағаны, өзі жазған «Шариғатул-ислам» кітабының түпнұсқасы бар. Сондай-ақ Ы. Алтынсарин ашқан мектептердің қоңыраулары мен іргетасына қойылған кірпіштері де көпшілік назарына ұсынылып отыр», - деді Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов көрменің ашылу салтанатында.

Көрмеде ХІХ ғасырдағы мектеп үлгісі көрсетілген. Онда тақтаға жазылған 1864 жылдың 8 қаңтары – Торғай мектебінің ашылған күні еді. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазған Ы. Алтынсарин белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында.

Сонымен бірге, Ыбырайдың нағашы атасы Шеген бидің портреті мен шапаны, ағартушының әдеби мұралары мен этнографиялық очерктері және архивтік фотоқұжаттар, Ы. Алтынсариннің өмірі мен қызметі туралы кітаптар, кесенесі мен музейінің макеттері, жаңа тәсіл – ағартушының голограммасы қойылған.

Көшпелі көрмені Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары 20 сәуірден 5 мамыр аралығында тамашалай алады.

Көрмемен қатар елордада Ы. Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Үміт еткен көзімнің нұры балам...» атты дөңгелек үстел мен ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.


Соңғы жаңалықтар