Ыбырай Алтынсарин туралы жаңа жинақ жарық көрді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық музейінде ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі шара Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына байланысты ұйымдастырылған. Бұл – әрине бастамасы. Жалпы оның отандық білімнің дамуына қосқан үлесі, ел тарихындағы орны әлі де жеткілікті зерттелмеді, бағаланбай келеді деп ойлаймын. Ұлттың ұлы ұстазы атанған адамды қалай ұлықтаса да, артық етпейді», - деді кітап авторы тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған Алтынсариннің энциклопедиясы әлі шықпаған. Қазақ балалар әдебиетінің атасы делінетін Ы. Алтынсариннің аты Қазақстан жазушылар одағы шығарған анықтамалықта да жоқ.

«Мен 30 жыл бойы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттедім, 13 кітап шығардым. Әр кітап шыққанда тағы бір жаңалықтарды тауып аламын. Бүгінгі «Ыбырай жолы» кітабы 800 беттен, 6 тараудан тұрады. Мемлекеттік архивтен бастап, Омбы, Мәскеу, Қазан, Ыбырай оқыған Орынбор арихвтерінен алынған тың мәліметтер енгізілген. Бұл еңбек сонысымен құнды. Мысалы, Ыбырайдың Сәтемір хан деген әңгімесі бар. Сол Сәтемір хан сұрастыра келе, Ақсақ Темір болып шықты. Ханның көп кезіге бермейтін есімін білгені де – Ыбырайдың данышпандығы», - дейді зерттеуші.


Айта кетейік, жиын барысында Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің «Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесі ашылды және «Үміт еткен көзімнің нұры балам...» атты дөңгелек үстел өтті.


Соңғы жаңалықтар