«Ярыш» – Қазақстандағы түркі тілдес жастардың тұңғыш футбол командасы

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Қазақстан футболының отаны – Семей қаласы екені бұрыннан айтылып келеді. Қасиетті қарт Семейде 1912-1913 жылдары Қазақстан аумағындағы «Нептун», «Олимп», ССК, «Спорт», «Феникс», «Марс» секілді алғашқы футбол командалары пайда болған. Ал солардың арасындағы «Ярыш» - түркі тілдес жастардың тұңғыш футбол командасы болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресейде ең алғашқы футбол матчы 1897 жылы «Спорт» пен «Виктория» командаларының арасында өткен. 1912 жылы Бүкілресейлік футбол одағы құрылды. Қалалардың көбінде футбол командалары пайда бола бастады. Футболды Қазақстан аумағына студенттер алып келді», - дейді ҚазАқпарат тілшісімен кездескен Қазақстан футбол мұражайының жетекшісі, Прииртышье өлкетану қоғамының мүшесі, спорт бақылаушысы Станислав Сәрсеков.

Алайда 1911 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан «Күш және денсаулық» журналының қызметкерлері Ұлы Дала халқының арасында доп ойындарының ұйымдастырылғаны туралы қызықты мәліметтерді тапқан екен. Томск зерттеушісі А.Горчаковский «Сібірдегі спорт» атты мақаласында қазақтың халық ойындары - бәйге, көкпар туралы жаза келіп, қазақтардың анда-санда «доппен ойнайтынын» да жазып өтеді.

Ол сондай-ақ 1913 жылғы қызықты фактілердің бірі ретінде Семейде Олимпиада ойындары өткенін жазады! Мәселе мынада, 1912 жылы Стокгольмдегі Олимпиада ойындарында Ресейдің футбол командасы ойсырай жеңілген болатын.

«1913 жылы Ресей империясының физикалық дамуының бас қолбасшысы қызметі пайда болды. Бірінші орыс олимпиадасын 1913 жылы тамызында өткізу туралы бұйрық берілді. Осындай жарыстардың бірсыпырасы Ресейдің бірнеше қаласында да өткен екен. 1913 жылы тамызда олимпиада Семейде де ұйымдастырылады. Бұл атауды қолдануға тыйым салу туралы вето 1920 жылы ғана қойылған. Семейдегі олимпиаданы Ярославльдан демалысқа келген студент Василий Смородинников ұйымдастырыпты. 1912 жылдың көктемінде ол «Нептун» спорт клубының негізін қалаған, - дейді Станислав Сәрсеков.


Оның айтуынша, олимпиада Семей маңындағы Ескі қамал мен Қасиетті кілт орындарының арасында өткізілген. Футбол матчында сауда-өнеркәсіптік кәсіпорындарының қызметкерлерінен құралған команда мен қала құрамасы кездеседі («Нептун» және «Олимп» командалары). Бұл матч туралы «Спортқа» (Мәскеу) және «Сібір өмірі» (Томск) газеттері хабарлаған. Семей мен Томск командалары арасындағы матч туралы аңыз дәл осы жарыстан кейін тараған болуы керек.

Семейдің Қазақстан футболының отаны екенінің тарихи дәлелі - бұл «Къ спорту» газетінің 13.10.13 No35 санындағы жазбасы. Онда: «Семей. 1912 жылдың көктемінде мұнда ағайынды Смородинниковтар «Нептун» деген алғашқы футбол командасын құрды. Олар өздерімен-өздері жаттығып, ойнай беретін. 1913 жылдың басында футболға деген қызығушылық арта бастады. Гимназия студенттерінен, коммерциялық және өндірістік мекемелердің қызметкерлерінен тұратын командалар пайда болды. Мұндай қарқын мен футболға деген қызығушылық бұл спорттың болашағы жарқын екенін көрсетеді».

«Салах Хисматуллиннің тарихи-өлкетану мұражайында сақталған естеліктеріне сәйкес, Ярыш командасының алғашқы жиналысы 1913 жылы тамызда Юнус Нигматуллиннің үйінде өткен. 1913 жылдың тамызында Семей маңында өткен Олимпиада ойындары футбол командасын құруға түрткі болды деп болжауға болады», - деп санайды Станислав Сәрсеков.

Атақты Семей жәрмеңкелерінің біріне қатысқан британдық көпестердің Қазақстанға футболды әкелгені туралы тарихи дәлел табылған емес. Австрия-Венгриядан жеткізілген әскери тұтқындардың «Ярыш» матчымен байланысты тарихи мәліметтер де жоқтың қасы.


«Ярыштың» алғашқы ұйымдастырушылық жиналысы өткен Нығматуллиндер үйі


Станислав Сәрсековтің суреті. Юнус Нығматуллин тұрған үй. Станислав Сәрсековтің суреті


Станислав Сәрсековтің суреті


Осылайша татар тілінен аударғанда «жарыс» дегенді білдіретін «Ярыш» футбол командасы 1913 жылы құрылған.

«Рахматулла Елкібаев бастаған татар мектебінің оқушылары «Ярыш» футбол командасының негізін қалады», - деп хабарлайды Семей қаласының татар этномәдени орталығы.

Ол кезде ойыншылардың бәрі де 16 жаста болатын. Олар екі командаға бөлініп, өз араларында ойнаған болуы керек. Алғашында бұл кездесулер жолдастық сипатта болды. «Ярыштың» капитаны әрі бапкері Юнус Сыдықұлы Нығматуллин ойыншылардан спортқа деген құштарлықты, допты шеберлікпен игеру техникасын талап етті. Кездесу аяқталғаннан кейін үздік ойыншылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Юнус өзі футбол ойнайтын. Ол қорғаныс, жартылай қорғаныс және шабуыл шебінде ойнай беретін жан-жақты футболшы еді. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) те «Ярыш» футбол командасының құрамында доп тепкен. Мұхтар Әуезовпен бірге «Ярыш» құрамасында Ахметсәлім Кәрімов, Қасымхан Мұхаметов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхамет Сайдашев, Юнис Нығматуллин, Әміржан Сыздықов, Габасдулхан Мұханов да ойнаған.


Футбол командасын құрып, ойыншыларды жабдықтауға көп қаражат қажет болды. Команданың сапары үшін қаражатты Юнус Нығматуллиннің әкесі, көпес Сыдық Нығматуллин (1858-1921) бөліп отырды. Нығматуллиннің Ярдам баспаханасында футбол жарыстары туралы плакаттар басылып, содан кейін бүкіл қалаға таралатын. Осылайша қалада алғашқы жанкүйерлер пайда болды. Ярыш эмблемасы бар командаға арналған форманы тігінші Гафа Баязитова үйінде тікті. Жаңа ойынның танымалдығы қалада біртіндеп арта бастады. Команда біртіндеп «Ярыш» спорт клубына айналды. Онда олар тек футболмен ғана емес, басқа да спорт түрлерімен айналысты.


«Ярыш» командасының жаттықтырушысы және капитаны Юнус туралы толығырақ жиені Рамиса Айдхоф (Нығматуллина) Семейдегі татар этномәдени орталығына айтып қалдырған екен.

«Юнус Нығматуллин 1896 жылы Семейде өмір есігін ашқан. Ол жасынан сабырлы әрі ізденімпаз болып өсті. Татар медресесінде оқып, Құран негіздері мен араб тілін үйренді. Ол алдымен орыс мектебінде, содан кейін ерлер гимназиясында оқуын жалғастырды. Оқу кезінде ол жолдастарының арасында ерекше көзге түсетін, көп оқып, үнемі қалалық кітапханадан шықпайтын», - дейді Рамиса.

Оның айтуынша, Юнус пошта арқылы Ресей мен Еуропаның мәдени өмірін қамтыған «Нива» журналдарын пошта арқылы алып отырады екен. Дәл солардан Юнус пен оның достары еуропалық ойын - футбол туралы ақпарат алып, қызығушылық танытып, стратегия құрып, команда құруға бел шешкен.


«Юнустың достарының арасында бір жас жігіт өз білімімен, ізденімпаздығымен, ақылымен ерекшеленді. Бұл жас Мұхтар Әуезов болатын. Ол Юнустың үйіне жиі келетін, жас жігіттер тек футбол туралы ғана емес, әртүрлі тақырыпта ой бөлісетін.


Суретті Татар этномәдени ортылығына Рамиса Айдофф-Нығматуллина тапсырған

Азаматтық соғыс алдында Семейде апыр-топыр болып, билік қолдан қолға көше бастайды. Уақыт оқу оқып келген жас офицер Юнустың алдына нақты таңдау қойды: әлбетте ол Алашорда жағына шықты. 1919 жылы Юнус өз сенімін қорғап, туған жерінде қайтыс болды. Ол соңғы шайқасты Ақшоқы ауылының маңындағы Бақты форпостының маңында өткізді.


Қазақстандағы футболдың пайда болу тарихы және жаттықтырушы, алғашқы түркітілдес «Ярыш» командасының капитаны Юнус Нигматуллиннің қайғылы тағдыры осындай болыпты. Бұл туралы естелік Семей қаласындағы «Спартак» стадионындағы Қазақстан футбол мұражайында және татар этномәдени орталығында сақталған.


Авторы: Гүлмира Байзақова

Аударған Аян Бекенұлы


Соңғы жаңалықтар