Яхия Акенгин: Ұлы даланың басты ордасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың кіндігіне орналасқан «Бәйтерек» монументі - түрік тілінде «анка құсы», «хүма құсы», «самұрық құс» деп аталатын аңыздағы құстың ұясын көз алдымызға әкеледі. Ұшар басына көтерілсең, төрткүл дүниеге жоғарыдан қарап тұру сезімі көкіректі кернейді. Бірнеше жыл бұрын «Бәйтеректің» биігіне шыққанымда, ұлттық ақынымыз Яхия Кемалдың «Саған ту төбеден көз тастадым, ғазиз Ыстанбұл!» деген өлең жолдары ойыма оралды. Бұл пікірді Түркі әлемі Жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана аумағы биік төбе кездесе бермейтін, жазық далада орналасыпты. Алайда қаланың жаңа түскен келін секілді сұлу келбеті өзіне тартып тұрады. Әсерлі сезімге бөлеген бұл көріністі тек қана биікте ұшып, ұясын көк жүзіне салған самұрық құстың аңызы мен «Бәйтерек» ағашын қосып жырлау керектігін ұғындым.

Менің ойымша, Астанамен тағдырлас деп Ыстанбұл қаласын емес, Анкараны қарастырған жөн тәрізді. Өйткені Анкара империализмнің жаулаушы күштерін Анажұрттан шығару мақсатында құт болып қонған ұлы жеңістен кейін астана болып, Ыстанбұлдан ауыстырылған еді. Астана шаһары да Кеңестік империяның қамытынан құтылып, тәуелсіз жаңа мемлекеттің елордасы ретінде әлемнің саяси картасынан орын алды.

Бәйтеректің биігінен бас қаланы бағдарлаған сәтте Ыстанбұлды еске салған манағы сөздерді уақыт өте келе жан дүниеммен таразылап, бір қорытынды шығардым. Қаланың келбетін, бет-бейнесін көрсететін басты ерекшеліктердің бірі¬ - ән арқауына айналып, жүректе жылылық, санада терең із қалдырған өнер туындыларының мен-мұндалап тұруы екен. Сәулет өнерінің кереметін көз алдымызға жайып салған Астана бір қарағанда беті ашылған жас келіннің немесе жаңадан күйеу жігіт атанған отағасының ішкі толқуы мен тебіренісін көрсетуімен шектелетіндей. Алғашқы жылдарда Анкара да ұяңдау күй кешті. Алайда бір ғасырлық өмірлік тәжірибеден өтіп, ысылды, толысқан, кемелденген шаққа жетті.

Дей тұрсақ та, күнделікті өмірдің түрлі оқиғаларына зер салғанымызда Астананың тарихи оқиғаларға бағыт-бағдар беретін құтты мекенге айналып үлгергенін мойындаймыз. Мысалы, Сирия мәселесіндегі түйткілдерді шешуге қатысты бітімгерліктің негізгі объектісі ретінде әлем тілдеріне «Астана процесі» деген термин енді.

Әр бастама қазақтың ұлттық рухымен, қазақы болмысымен астасып, басы-қасынан Нұрсұлтан Назарбаев сынды ойшыл тұлғаның табылғаны ақиқат. «Саясаткер алдағы сайлауды, мемлекеттік қайраткер болашақ ұрпақты ойлайды» деген баршаға мәлім бір тұжырым бар. Астананың қазіргі Қазақстаннан гөрі, болашақтағы Қазақстанның келешегін ойлап, ұрпаққа қалатын мұра ретінде бой көтергені анық. Бұл ойды Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген пайымынан да аңғарамыз.

Астананың ажарын айшықтап, әлеуетін арттыра түсетін, тоқтала кететін тағы бір оқиға бар, ол Астана тарихындағы ұтқыр шешім «Латын әліпбиіне көшу» бағдарламасының қабылдануы. Астана - саяси таңдаудың жемісі болса, латын қарпі - мәдени таңдаудың нәтижесі. Осы екі маңызды фактор бір-бірін толықтырып, күшейте түседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті қолға алған жобасы кіршіксіз жүзеге асатындығына ешқандай күмәніміз жоқ.

Туыстас ел - Қазақстандағы айтулы оқиғаларды Түркия тұрғысынан қарағанымызда ризашылық сезіммен бірге, шексіз қуанышқа кенелеміз. Президенттің ұстанған ұстанымы Түркия Республикасының негізін қалаған Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің қайраткерлігімен үндеседі.

Өмірін әдебиетке арнаған қаламгер ретінде жан-дүниеме шуақ төккен әлем шаһарларының бет-бейнесінде ұлттық нақышқа бай өнер туындылары мен символдары бар екенін байқаймын. Астана да көрікті келбетін қалыптастыра отырып, мәңгілік ел болу мұратына жетеді деп сенемін. Ыстық ықыласымды Астанаға арнаған өлеңіммен аяқтасам деймін.
Биіктерде ұшады, Астанаға қонады,
Еркіндіктің ерке құсы жаны ізгі.
Күлден түлеп, қайта самғап барады,
Ертегінің Самұрығы тәрізді.

Желмен бірге жүйткіп-жүйткіп жарысқан,
Алатаудан асау құлын кетті енді.
Ақмолаға садақ тартып, бақылаған алыстан,
Бір жаужүрек әкеледі көктемді.

Самарқанның жұлдызымен сырласқан,
Расанхана емес пе екен, «Бәйтерек».
Мәуләнаның қазығындай жыр-дастан,
Жер мен көктен табылмаса, қайтер ек.

Далада көрген болжам түстерін,
Өтүкеннің жорамалы - Астана.
Азат күнмен алға жүрген көштерін,
Тұрақтатқан керуен ғой, бас қала.

Яхия Акенгин Түркі әлемі Жазушылар
және өнерпаздар қорының президенті

Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Соңғы жаңалықтар