Ядролық қарусыздандыру саласындағы арнайы сыйлық державалардың ұстанымын өзгерте ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы тамыз айында өткен "Ядролық қарусыз әлем құру" тақырыбындағы xалықаралық конференцияда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздандыру саласында арнайы сыйлықтың тағайындалатынын жеткізген. Оны қараша айында өтеді деген Бейбітшілік саммитінде алғашқы иегеріне табыстау жоспарланған еді. Алайда Мемлекет басшысы оны кейінге қалдырмай, қазанның басында "Ядролық қарусыздану мен қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін" атты Қазақстанның халықаралық сыйлығының Иордания Королі Абдолла ІІ-ге табысталатынын мәлімдеген, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ядролық қару ғылым үшін - жаңалық, адамзат үшін - үлкен қауіп

Сөз жоқ, Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласындағы бастамалары бүгінде xалықаралық "брендке" айналды. Ол туралы білетіндер көп. Ал білмейтіндерге Президенттің өзі барған жерінде үнемі айтып жүреді.

«Ширек ғасыр бұрын милитаризмнің ең зұлым тәжірибесі тоқтатылған болатын. 40 жыл бойы ол біздің жерімізді және біздің халқымызды қинап келді. Ол кезде әлем қауымдастығы ядролық сынақтарды азайтып, оған мораторий жариялаудан аса алмайтын. Біз болсақ, дүниежүзі бойынша алғаш рет ең үлкен ядролық сынақ алаңы - Семей полигонын ресми түрде жапқан болатынбыз. Осыдан кейін жетекші державалардың полигондары «үнсіз» қалды. Дегенмен, әлі күнге дейін жабылған жоқ. Қазақстан бірінші болып осындай қадамға барды. Бұл халықтың шешімі, халықтың қалауы еді», - дейді Н.Назарбаев.

Президенттің айтуынша, атом энергиясы ғылым үшін үлкен жаңалық болғанмен оны әскери мақсатта пайдалану адамзат үшін бұл - аса үлкен қауіп. Ғалымдардың өздері ондай соғыста жеңімпаздың болмайтынын мойындап отыр.

«Сондықтан Қазақстанның Семей полигонын жабу саласындағы үлкен тәжірибесін пайдаланып, қазірден бастап ядролық қару саласындағы жағдайды жақсарту аса маңызды. Қазақстан полигонды жабу туралы шешімді қабылдағанда әлі де Кеңес одағы құрамында болған. Сондықтан ол кезде әскери басқарушы машинаның қарсылығы қатты болды. Олар сынақтар үшін полигонды сақтап қалуды көздеді. Себебі Семей полигоны жерінде үлкен әскери және ғылыми база болған. Шыны керек, өз ішімізде ядролық держава мәртебесін сақтауды қалаған азаматтар да аз болған жоқ. Соған қарамастан, біз дұрыс шешімді қабылдадық. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың әлі бірнеше ұрпағы ядролық сынақтардың зардабын сезетін болады»,- деді Президент.

 

Держвалардың ұстанымы қандай?

Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Миxаил Бочарниковтың айтуынша, бүгінде Ресей үшін стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтар туралы келісімді орындау мәселесі маңызды болып тұр. Оған сәйкес, 2018 жылға дейін стратегиялық оқтұмсықтардың санын 1200 данаға, ал тасымалдаушы құралдарын 700-ге дейін азайту қажет. «Одан кейінгі ахуал стратегиялық жағдайға байланысты болмақ. Осы орайда ядролық қарусыздандыру үдерісіне кедергі болып жатқан бірқатар себептердің бар екенін ерекше атап өткен жөн. Соның ішінде зымырандарға қарсы жаһандық қорғаныс жүйесін бір бағытта негізсіз дамыту, «Жаһандық соққы» тұжырымдамасы аясында ядролық емес қару-жарақты құру, кейбір мемлекеттердің қару-жарақты ғарышқа шығарудан бас тартпауы, Ядролық қарудан жаппай бас тарту келісіміне қатысты нақты ұстанымның болмауы, қарапайым қару-жарақ саласында тепе-теңдіктің сақталмауы сияқты үлкен проблемалар бар. Біздіңше, әлем қауымдастығы алдымен осы мәселелерге баса назар аударуы тиіс »,-дейді М.Бочарников.

Елшісінің сөзіне қарағанда, Ресей Федерациясы ядролық қарусыздандыру саласында барынша ашық болуды көздейді. Сондай-ақ осы бағытта бейбітшілік пен қауіпсіздіктің теңдігін сақтауға мүдделі. М.Бочарников Қазақстанның осы саладағы игі бастамалары Ядролық қарудан жаппай бас тарту келісімінің өзектілігін үнемі еске салып отырады.

«Алайда ол құжат күшіне ену үшін 8 негізгі мемлекеттің қолы қажет. Олардың ешқайсысы әлі ол келісімді рәсімдеген жоқ. Өткен жылы осы мәселеге арналған конференцияда арнайы декларация мен нақты шаралар жоспары қабылданған болатын. Ресей оның бәрін қолдап, іске асыруға даяр. Қазақстан мен Жапония осы жұмыстың үйлестірушісі болып саналады», - дейді М.Бочарников.

Ресей Федерациясының ядролық қарудан біртіндеп бас тарту бастамасын қолдайды. Ондайда барлығына бірдей қауіпсіздік шаралары сақталуы қажет. Сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы БҰҰ-ның халықаралық құжаттары негізге алынуы шарт. Осы уақытқа дейін Ресей ядролық қару-жарақты азайту саласында айтарлықтай жұмысты атқарды.

«Біз ядролық зымырандардың екі санатын толығымен жойып тастадық. Ол қару-жарақтың ұшу қашықтығы 500-5500 шақырым болған. Стратегиялық шабуылдаушы техникасы соңғы 50 жылда ең төменгі деңгейге дейін азайып отыр. Ал стратегиялық емес қару-жарақтарды мүлдем алып тастап, қоймаға қотарып қойдық. Ресейдің әскери доктринасында ядролық қаруға көп басымдық берілмейді. Оны теориялық тұрғыда тек екі жағдайда ғана қолдану қарастырылған. Егер Ресей мен оның одақтастарына қарсы жаппай қырып-жоятын қару қолданылса немесе қарапайым қару-жарақты қолдану арқылы мемлекеттің өміршеңдігіне қауіп төнген жағдайда. Ондай позицияны басқа мемлекеттер де ұстанады. Олардың ішінде Америка да бар», - деп атап көрсетті М.Бочарников.

Ендігі кезекте, басқа да әлемдік державалар көрші Ресей сияқты құрғақ жалаулардан нақты іске көшсе игі.

 

Сыйлық көмектеспесе, жалпыға бірдей конвенция міндеттейді

Шыны керек, осы уақытқа дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен талай рет конференциялар ұйымдастырылып, ядролық қарусыздандырудың өзектілігі талқыланды. Президенттің өзі жоғары мінберлерден осы мәселені үнемі көтеріп келеді. Алайда бәрі бірдей ядролық қару-жарақтың қаупін түсінсе де, одан арылуға асықпайды. Оған геосаяси ойындар да, қырғи-қабақ соғыстың сарқыншақтары да себеп болып отыр. Енді, не істемек керек? Ядролық қарусыздандыру саласындағы xалықаралық сыйлық тағайындалды. Алғашқы иегері де бар. Н.Назарбаевтың айтуынша, аталған сыйлықты тағайындау жөніндегі арнайы комитет құрылады. «Сол комитеттің шешімімен сыйлықты жыл сайынғы ядролық полигон жабылған 29 тамызда тапсыратын боламыз», - дейді Елбасы.

Әрине, ондай сыйлық бірден ядролық қарудан бас тартуға қамшы болмаса да, аталған проблеманы үнемі еске салып отырады. Ал оның дәрежесі Нобель сыйлығына дейін жетсе, нақты істердің куәгері болып қалуымыз әбден мүмкін. Дегенмен, Н.Назарбаев сыйлықпен қатар нақты бір құжаттың да болғаны дұрыс деп санайды. Әлбетте, ондай шара "міндеттемені алдым, бірақ қол қойған жоқпын" деген әрекеттерге тосқауыл болмақ.

«Ядролық қару бойынша жалпыға бірдей конвенцияны қабылдау осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болар еді. Біз бұл бастаманы тағы көтеретін боламыз. Аталған құжатта ядролық қаруға тыйым салып, оны жоюдың нақты мерзімдері көрсетілуі тиіс. Бұдан бөлек, басқа да құжаттар әзірленуі мүмкін. Осы орайда бізге қолдау көрсетіледі деп сенеміз», - деді Н.Назарбаев "Ядролық қарусыз әлем құру" конференциясында.

Алдағы уақытта Президенттің дәл осы бастамасы арқылы Қазақстанның ядролық қарусыздандыру жолындағы ерен еңбегі кеңінен танылып, осы аса бір қауіпті қаруды ұстап отырған державалардың сана-сезімін өзгертеді деген сенім бар.

Соңғы жаңалықтар