+7 (701) 759 90 19
USD 425.07 EUR 494.14
RUB 6.06 CNY 66.55
Jańalyqtar

Ядролық арсеналды тұрақты дамуға айырбастаған шешім

2021 жылғы 23 тамыз 13:16
Бөлісіңіз:
Ядролық арсеналды тұрақты дамуға айырбастаған шешім

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біріккен Корольдіктің бұрынғы Мемлекеттік қорғаныс министрі, «Nazarbayev and the Making of Kazakhstan» кітабының авторы Джонатан Эйткен ядролық қарусыздану қозғалысындағы Қазақстанның рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1990 жылдардың басында мен Премьер-министр Джон Майор басқарған Ұлыбритания Үкіметінде Мемлекеттік қорғаныс министрі болдым. Қорғаныс саласындағы маман ретінде НАТО-дағы барша әріптестерімізбен бірге посткеңестік республикалардағы «еркін ядролық қару» проблемасына қатты алаңдадық.

КСРО-дан тәуелсіздік алған Қазақстан осы проблеманың қақ ортасында қалды. Өйткені ел аумағында құрлықаралық баллистикалық зымыранға арналған 1200-ден астам ядролық оқтұмсық сақталып келген болатын. Жаппай қырып-жоюға арналған осынша арсенал 1991 жылдың желтоқсанына дейін Кремльдің бақылауында болып, енді Қазақстанның меншігіне өткен еді.

Батыс әлемінің барлау қызметтері мен ядролық қару бөлімдеріне Қазақстанның КСРО-дан мұраға қалған ядролық арсеналды пайдалану жоспары туралы түрлі қауесеттер түсіп жататын.

Қазақстан іргесіндегі Ресей мен Қытайдың ықтимал әскери әрекеттерінен сақтану үшін әлемдегі жетінші ядролық держава болуға ниетті ме? Өзіндегі зымырандарды Ливия сияқты мемлекеттерге сатуға дайын ба? Полковник Каддафи Қазақстанның ақшасыз отырған Үкіметіне чек кітапшасын көрсеткені қаншалықты рас? Қазақстандағы зымырандардың террористік пиғылдағы топтардың қолына өтуі мүмкін бе? Солай болса, оның жолын қалай кесу керек?

Бұл сұрақтарға ешкім кесіп жауап айта алмайтын еді. Бір ғана нәрсе айқын еді. Бұл мәселеде шешім қабылдайтын тұлға Нұрсұлтан Назарбаев болатын.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдары Президент Назарбаев Америка мен оның одақтастарын ядролық мәселелерде мемлекеттік тұрғыда данышпан стратегия ұстана алғанымен таңғалдырды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен кездесуінде Назарбаев кеңестік зымырандардың Қазақстанда орналасуына баяғыдан қарсы екенін ашық айтты. Ол Семейдегі кеңестік ядролық сынақтардың қазақ халқына тигізген жан түршігерлік залалын жан-тәнімен түсінетін болып шықты. Ол Қазақстаннан аталмыш оқтұмсықтарды шығару және өз елін ядролық қарусыздандыру мәселесінде Вашингтонмен де, Мәскеумен де толыққанды ынтымақтасуға дайын екенін көрсетті.

Осы мақсаттарға жету үшін ұзақ әрі күрделі келіссөздер құпия түрде жүргізілді. Президент Назарбаев сол келіссөздерден өз мемлекетіне деген саяси құрмет қалыптастыра білді. Әлемдегі әскери державалардың элиталық ойыншылары оның өз елін ядролық қарусыздандыруға бастайтыны туралы уәдесін ризашылықпен қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев ұлт көшбасшысы ретінде танылғанға дейін халықаралық ядролық қоғамдастық арасында ХХ ғасырдың аяғындағы қарусыздану қозғалысының батыры ретінде құрметке ие болып үлгерген еді».

Джонатан Эйткен, Біріккен Корольдіктің бұрынғы мемлекеттік қорғаныс министрі және «Nazarbayev and the Making of Kazakhstan» кітабының авторы


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT