XXI ғасырдағы Ұлы Жібек жолының жаңғыруы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

***

Қазақ «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы» деп атап, айдар таққан көне сүрлеу ХХІ ғасырда Нұрсұлтанның «Нұрлы жолымен» жалғасты. Бұл жоба -  бабалардың «Ата жолы - бала жолы», «Жол қуған оңалар» деген сөзінен терең ой түйген елдің алысқа сілтейтін асыл мұраты. Ғасырдан ғасыр алмастырып, қазақты әлемдік  даму көшімен жалғап, бүгіні мен болашағына тың серпін берер күре жолы.

Байқасақ, қазақтың жол туралы түсінік, пайымы терең. Өйткені «Жол қадірін, жүрген біледі» емес пе? Қазақ ежелден кең дүниені шалып, атын мініп жер танып, асын беріп ел танып ізгілік жетегінде мыңдаған ғасыр жасап келе жатқан көне жолаушы түркі жұртының бел баласы. Даналар «Жол мұраты - жету» десе де, «Жол жолға жалғасады, ел елге жалғасады» - деп, бұл әлемде адамзатпен мәңгі жасаудың мәнісін ұқтырады. Қазақтың «өмір» атты керуені талай биік асудан өтіп, талай тар жол, тайғақ кешсе де, бүгінде сол жолды қауым боп еңсеріп, керуені тоқтаусыз болашақты бетке алып жылжып келеді.

Жол - ұзақ. Алайда, «Жақсы жол ұзақ та болса - жақын» дейді халық. Жол өнімді болу үшін оның ретін келтірмек абзал. Сондықтан әуелі «Алыс жолға шығар болсаң, алдымен жолдасыңды сайла» дегені жадымызда жатталған. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақтың «Нұрлы жол» бағдарламасы да, қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бастамасы да ежелден көрші елдердің көне Жібек жолы бойы арқылы бір замандарда үздіксіз жалғасып тұрған керуен жолын заманауи тұрпатта қайта жалғап, ондаған елдерді жақындастыруы қазақтың «жалғыз жүрсең, жолмен жүр, жолдан жолдас қосылар, жолдан жолдас қосылса, жолың болмас несі бар? деген даналығымен үндесіп, өзара селбесіп, сенімді серік іздеген жолаушылардың даңғылын елестетеді. Қазіргі қауіп-қатерлер өршіген заманда, олардың алдын алып, белдеуде орналасқан 4 миллардтан аса халықты экономикалық, саяси және рухани, гуманитарлық дағдарыстардан шығаруға қауқары жетіп, мүмкіндік жасауды біріге шешіп өзгеге үлгі бола білсе, Қазақстан мен Қытайдың өз халқымен бірге жалпы адамзат алдындағы миссиясына адал болғандығы. «Жолдасы көбейсе - жол кеңейеді. Жолдастының жолы кең» дегенді құп көріп, өзара бірлесе даму арқылы аймақта тұрақтылыққа қол жеткізіп, жаңа заманда орын алып отырған қауіп-қатерлерді бірлесе еңсеріп, ұлттық, мемлекеттік мүдде мен жеке адам мүдделерінің қорғалуын іске асыру.

«Нұрлы жол», «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясындағы Қытай сапары мен үшін 2016 жылдың сәуір айында басталған еді. Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілігінің бастамасымен Бейжің шет тілдер университеті жанында «Қазақстан» орталығы ашылып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатқан 10 қытайлық студент бар. Екі жылға жуық уақытта қазақ, қытай жастарымен бірлесіп, елшіліктің қолдауымен түрлі шаралар: ашық есік күндері, Қазақстандағы мерекелік даталарға сәйкес шағын көрме, әдеби, музыкалық кеш, концерт, әдебиет, өнер, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер өткіздік. Осылайша өз елімізді таныстыра жүріп, қытай елінің мәдени, тарихи, ғылыми орындарын да араладық. Қарапайым қытайлықтардың күнделікті өмір тіршілігін іштей, сырттай бақылап тірлігімен танысуға мүмкіндік туды. Көргеннен көкіркке түйілгендер аз емес. Көз жұмсаң: бақша, бақшада ертелі кеш музыка қойып билеген, сыбызғы тартып сызылтқан, ән айтып нәзік жыр төккен, бала ойнатып, ит жетектеген, арба тартып қарт сүйреген үлкен-кіші.

Қызық,  жақында  Фейсбукта Астанада өзен жағасында музыка тартып, ән салып, билеуге тыйым салынатынын көріп таң қалдым. Меніңше, бұл өкінішті!

Бейжіңдіктердің киім киістері де өз алдына бір тақырып. Адам қанша көп болса да, киім үлгілері қайталана бермейді. Киім демекші,  спорт алаңында қыздар көйлекпен де жүгіре береді. Оған ешкім көңіл аудармайды-да. Тағысын тағылар. Қалада халық көп, кешкісін және таңертең метро лық толы. Таңданамын, бірақ адамдардың бәрі ерсілі, қарсылы тоқтаусыз ағылып жатыр.

Айтпақшы, тал деген ағаш Бейжіңде көп кездеседі. Жел тұрғанда бұтақтары орамалдың шашақтарындай желмен тербеліп, сұлу көрініс сыйлайды. Оған сызыла шыққан сыбызғы үнін қосыңыз.  Меніңше, сыбызғы үні ерекше нәзік, көңілді ерекше сағынышқа толтырады.

Неге біздің бақшаларда да  сыбызғы үні естілмейді екен? Бейжіңнен сыбызғы сатып алудың реті келмеді. Енді жол түсіп жатса, міндетті түрде оны алар едім.

Көшеде арху деген аспапты тартып отырған адамды көргенде, бұл біздің қобыз дедім. Қателеспеппін,  «арху» сөзінің мәнісі «ар жақтан келген» дегенді білдіреді деді қытай шәкіртім. Міне, көненің көзі, маған өткеннің ізі  сияқты әсер етті ... Айтпақшы, жастар да, ересектер де ләңгі ойнайды. Қытайша атауы есімде қалмады. Бірақ ол қауырсыннан жасалады екен, ал оны кез келген ұсақ-түйек сататын дүкенннен табуға болады. Осы ляңгі деген сөз қытай тілінде бар екен, мәнісі екі, екеу дегенді білдіреді. Бұл кездейсоқтық па? Осыған ұқсас қазіргі қазақ тіліндегі бәйтерек, бәйбіше, бәйшешек деген атаулардың құрамындағы бәй мен қытай тіліндегі ақ сөзін білдіретін бәй-дің тегі бір сияқты. Қазақта шәушиіп, шәушиген, шәушию деген   сөздердің қытай тілінде кішкентай мәнінде қолданылатын шәу-мен байланысты қаншалықты екен? Мені осы сұрақтардың жауабын тапқым келеді. Себебі бұлар тек атау ғана емес, бабаларымыздың ілкі замандардағы көне Жібек жолы бойындағы көне сүрлеуінен қалған бір белгі іспетті.         

     Қасиетті Құранымыздың Хұжырат сүресінде: «Әй, адам баласы! ... бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінген екен. Олай болса, бір-бірімізді тануға бастар заманымыз бейбіт, жолымыз нұрлы болғай.  

Қарабаева Ханшайым

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

қазақ тілі кафедрасының доценті

Соңғы жаңалықтар