WBO Қанат Исламның жеңісіне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Қанат Исламның (27-0, 21 КО) намибиялық Уолтер Каутондоквоймен (18-2, 17 КО) жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ислам төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес жеңімпаз атанып, WBO International нұсқасы бойынша алғашқы орта салмақтағы чемпион белдігін сақтап қалды.

«Ислам – WBO рейтингінде 8-нөмірде тұр және одан жоғары көтерілуі мүмкін. Бұл Қанат үшін ең керемет бокс кеші болмаса да, ол жеңіске жететіндей жеткілікті әрекет жасады», - деп жазды WBO.

Еске сала кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен болатын.

Айқас Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Жекпе-жек он раундқа созылды. Төрешілер шешімімен Қанат Ислам жеңіп, WBO белбеуіне қол жеткізді. Ол осылайша 27-ші рет қарсыласынан басым түсіп отыр.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев боксшы Қанат Исламды жеңісімен құттықтады.

Айта кетейік, қазақстандық Қанат Ислам 2012 жылдың 28 қыркүйегінен бері кәсіпқой бокста сынға түсіп жүр. Бүгінгі күнге дейін 27 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында қарсыласынан басым түсті. Оның 21-ін нокаутпен аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар