Волонтерлікті дамытуда меморгандарға бірқатар міндет жүктеу қажет - Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Волонтерлік қызметті қарқынды дамыту үшін мемлекеттік органдарға бірқатар міндет жүктеу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтерлікті дамыту ісінде басты нәтиже мемлекеттік органдарға тікелей байланысты. Әрине, волонтерлік ақы төленбейтін ерікті қызмет. Десе де, ол жағдай жасауды, жанашырлықпен қарауды талап етеді. Волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамуы бүгінгі азаматтық бастамаларға лайықты деңгейде қолдау көрсетуге байланысты. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға бірқатар міндетті жүктеу орынды санаймын. Бірінші - волонтерлік барлық саланы қамтитын әмбебап қызмет. Сондықтан 2021-2023 жылдарға арналған жол картасының аясынан мемлекеттік органдар тыс қалмауы тиіс», - деді ол.

Екіншіден, министр үздік волонтерлік тәжірибелерді сауатты түрде насихаттап, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

«Үшінші, жергілікті атқарушы органдарға волонтерлік жобаларды қаржыландыруды ұлғайту және волонтерлік бастамаларды қолдау мүмкіндіктерін кеңейту керек. Төртінші, волонтерлер көтеретін сұрақтар негізінен әлеуметтік маңызы зор мәселелер. Бұл орайда жергілікті органдар тарапынан тұрақты мониторинг жасалып, оларды уақытылы шешу тетіктерін қарастыру қажет. Бесінші, «Игі істер» марафоны республикалық акциясына кәсіпкерлер және ұйымдармен бірге қарапайым азаматтарды да кеңінен тарту қажет. Себебі марафонның мақсаты тек демеушілерді тартып, қайырымдылық жасау ғана емес, күнделікті жақсы істер арқылы жаны жомарт, рухы кемел қоғам қалыптастыру», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар