Волонтер жылы: Қазақстан АТМӨ елдерін жаңа бастаманы қолдауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АТМӨ елдері волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Бангкок қаласында (Тайланд) VIII Азия-Тынық мұхиты форумы аясында «Волонтерлік онжылдыққа арналған іс-қимылдарды трансформациялау стратегиясы ретінде» тақырыбында панельдік пікірталас өтті.

Іс-шараға онлайн-форматта ZOOM алаңын қосу арқылы Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов қатысты.

Сөз сөйлеу барысында Болат Тілепов волонтерлердің еліміздің қоғамдық өміріндегі рөлі және Қазақстанда еріктілер қозғалысын дамыту үшін жасалып жатқан жағдай туралы айтып берді.

Осылайша, ол Қазақстанда «Волонтер жылы» аясында өткен 2020 жылдың өзінде волонтерлік ұйымдар мен топтардың саны 3 есе, тұрақты волонтерлер саны 4 есе, олардың саны 200 мыңнан астам адам өскенін хабарлады.

«Пандемиямен күрес кезеңінде еріктілер қозғалысына 1 миллионға жуық қазақстандық қосылып, 1,5 миллионнан астам азаматтарымызға көмек көрсетілді», — деді ол. Сонымен қатар, Болат Тілепов Қазақстанның халықаралық волонтерлікті дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын ерекше атап өтті.

Ынталандыру шараларының бірі - Қазақстандағы Волонтер жылы аясында құрылған «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығы.

Өткен жылы оны Қазақстан, Ресей, Қырғызстаннан келген 48 белсенді волонтер алды. Бұдан басқа, бүгінде БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер қызмет етеді, оның ішінде 42 әйел, оның ішінде 7 волонтер ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен БҒДҰ арасындағы әріптестік туралы келісім шеңберінде БҰҰ-ның түрлі агенттіктеріне жіберілген.

Болат Тілепов Қазақстан БҰҰ БА қарарының мәтініне волонтерлікті 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асырудың әмбебап құралы деп тану туралы тармақты енгізуге бастама жасағанын еске салды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл қарар БҰҰ-ға мүше елдерден қолдау тауып, 2020 жылдың желтоқсанында қабылданған болатын.

«Өткен жылы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы бастама көтерген болатын. Бүгінгі таңда БҰҰ ДБ-мен оны ілгерілету, БҰҰ-ның тиісті қарарын дайындау бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты тұрақты даму жөніндегі Азия – Тынық мұхиты форумына қатысушы елдерден Қазақстанның бастамасын қолдауды және «игі істер« дүниежүзілік идеясын іске асыруды сұраймыз» деді Болат Тілепов.



Соңғы жаңалықтар