Волонтер Дамир Көшеев Түркияда 3 мың шақырымды велосипедпен жүріп өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның белгілі спортшысы, танымал волонтер Дамир Көшеев Ыстанбұл-Измир-Бодрум-Мармарис-Анталия-Анкара-Акчакожа-Ыстанбұл қалаларының аралығын велосипедпен жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Ол 30 күн бойы 3 000 шақырымға жуық қашықты бағындыру үшін Түркістан қаласынан Түркия Республикасына аттанды. Ерікті Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте «Қазақстан - ұлылардың отаны» атты сапар барысына кеңінен тоқталды.

Жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының арасындағы достықты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

«Менің осы сапарым екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына септігін тигізсе менің жетістігім сол. Ауа-райының ыстықтығы мен климаттың қолайсыздығына қарамай мақсатымды орындадым. Қолдау білдірген барлық азаматқа алғыс айтамын. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жоспарым өте көп. Маған Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы саябақ ұнады. Сондай-ақ, бірнеше қаладағы скверлер, мектептер мен көшелерге қазақтың ұлы ақынының есімі берілген. Бұл біз үшін асқақ абырой, мақтаныш сезімі деп білемін», - деді велошабандоз.

Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігі мен Түркияның Велосипед спорты федерациясы белгілі Дамир Көшеевпен бірге Анкара қаласында велотур ұйымдастырып, жобаның маңыздылығын арттыра түсті. Іс-шараға елші Абзал Сапарбекұлы бастаған дипломаттар тобы мен түріктің ұлттық спортшысы Ахмет Ақюрек бастаған бірнеше спортшы қатысты.


Соңғы жаңалықтар