Вирустық ауруларға қарсы антиденелер қалай әрекет етеді – дәрігер пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірнеше өңірінде эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті, санитарлық бекеттер қайта қойылып, шектеу шаралары күшейтілді. Халық кейде карантиндік шектеу талаптарын сақтамайды.

Осыған байланысты Қарағанды медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының жокторы аллерголог-иммунолог Меруерт Ғазалиева коронавирус инфекциясының қаншалықты қауіпті екенін, коронавирусқа қарсы иммунитеттің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирусқа антиденелер қалай жұмыс істейді? Барлық науқастардың антиденелері бірдей бола ма?

− Ең алдымен антидененің не екенін және олардың иммунитет үшін қандай рөл атқаратынын айтайық. Антиденелер – кез келген инфекцияның енуіне жауап ретінде иммунитет жасап шығаратын ақуыздар. Антиденелер бөгде бөліктерді иммундық жасушалардың басқа түрлері оңай танып, жоя алатындай етіп «белгілейді».

Кез-келген инфекциялық процесс, оның ішінде коронавирус инфекциясында антиденелердің екі түрі шығарылады – М (IgM) және G (IgG) иммуноглобулиндері. Иммуноглобулиннің (М) (IgM) концентрациясы инфекцияның басында тез өсіп, аурудың 4-5-ші күнінде шарықтау шегіне жетеді, содан кейін біртіндеп төмендеп, аурудан айығу кезінде жоғалады. Қабынудан кейін, вируспен алғашқы байланысқан сәттен 14-28 күн өткен соң IgM орнына IgG антиденелері пайда болады. Олар ағзада ұзақ уақыт (ондаған жылдар) сақталады. Ағзадағы антиденелер титрлеріне келсек, мұның бәрі вирустық жүктемеге байланысты, яғни науқас вирустың қандай дозасын жұқтырғаны, ілеспе аурулардың болуы және науқастың жасы маңызды болмақ.

Коронавирусқа иммунитет жөнінде не айтасыз? Бұл иммунитет қалай қалыптасады?

− Қазіргі уақытта ғалымдар өмір бойына иммунитет қалыптаспайды деген пікірде, өйткені вирус үнемі мутацияланып отырады. Біз келтіретін мәліметтер де күн сайын жаңаруда, бірнеше жылға созылатын ұзақ ғылыми зерттеулер жүріп жатыр.

Кез келген вирустың енуіне қарсы иммунитеттің үш түрі пайда болады: қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді және өмір бойы. Жоғарыда айтып өткенімдей, қысқа мерзімді иммунитетке аурудың 4-5 күнінде пайда болатын және сауығу кезінде жоғалып кететін М иммуноглобулиндері жауап береді. G санатындағы иммуноглобулиндер ұзақмерзімді иммунитетке жауап береді, ал коронавирус инфекциясына тұрақсыз болып отыр.

Аурудың алдын алу үшін адамдар түрлі ем-домға кірісті, емдік сусындар, пияз, сарымсақ нағыз сұраныста. Вирустық ауруларға шалдықпау үшін халыққа қандай кеңес бересіз?

− Жіті респираторлық вирустық инфекцияның белгілері байқалса, дереу учаскелік дәрігерге хабарлау қажет. Ал жалпы вирустық инфекцияның алдын алу жолдары өте оңай: жеке гигиенаны сақтау, қолды жиі жуу, қол алысудан аулақ болу, бетті лас қолмен ұстамау, маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адам көп жиналатын іс-шараларға бармау, үй-жайларды мұқият тазалау және желдету. Менің ойымша, күзде иммунитетті нығайту үшін жеткілікті мөлшерде минералдары мен дәрумендері бар өнімдерді қосу өте маңызды. Ал алкогольмен немесе сутегі асқын тотығымен тамақты шаю сынды әдеттен тыс шаралар күйікке әкеп соғуы мүмкін және шырышты қабаттың қорғаныс деңгейін төмендетеді.

Маусымдық аурулар кезінде иммунитетті қолдау үшін дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, 8 сағат ұйықтап, дәрумендер ішу керек. Витаминдер біздің өмірімізде маңызды рөл атқарады. Мәселен, С дәрумені –антиоксидант және қан тамырларын нығайтады. Селен – антиоксиданттық жүйенің элементі, адам ағзасын қорғайды және иммуномодуляциялық әсері бар. Мырыш – иммунитетті реттеуде маңызды рөл атқарады, сондықтан оның ағзаға әсері COVID-19 алдын-алу тұрғысынан көптеген зерттеулерде қарастырылады.


Соңғы жаңалықтар