Вирус жұқтырғанына сенбейтін адамдар бар – дәрігер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде медициналық университеттің резиденттері коронавируспен күрес жұмыстары кезінде індет жұқтырғанына сенбеген адамдардың да болғанын жасырмады. Олар дерттің қаншалықты қауіпті екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Оспанов атындағы БҚМУ резиденттері «COVID-19» вирусымен күрес жұмыстарына жұмылдырылды. Олар облыстағы үш емдеу орнына бөлінген. Індет жұқтырғандар және олармен байланыста болған адамдарға жәрдем берген резидент-инфекционистер Гүлнұр Аяғанова және Әділбек Махаш қазіргі күні инфекциялық госпитальда жұмыс істеп жүр. Екеуі де үйлерінен жырақта ем жүргізуге мәжбүр.

«Коронавирус инфекция диагнозы расталған жағдайда кейбірі сынама нәтижесіне күмәнданады. Себебі олар өн бойынан ешқандай өзгешелік байқамайды, денсаулығына шағым айтпайды. Мұндай жағдайда біз пациенттермен әңгіме жүргіземіз, коронавиру инфекциясының еш белгісіз, жеңіл формада, сондай-ақ орташа ауыр және ауыр жағдайда өтетінін түсіндіреміз. Кейбірі өзі ауырмайды, бірақ таратушы. Әсіресе созылмалы ауруы бар, егде жастағы адамдарға қауіпті», - дейді Гүлнұр Аяғанова.

Жоғары оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, резиденттер пациенттерді бақылау және емдеу шарасын жалғастырады. Карантиндегі пациенттерге көмек көрсету жас мамандар үшін тәжірибе, ал резиденттер біліктілігін шыңдады.


Соңғы жаңалықтар