Виртуалды зертхана мектеп бағдарламасына енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық өнертапқыштар мектеп бағдарламасындағы зертханалық жұмыстарды 3D модельде өткізуге мүмкіндік беретін «AVRLABS 1.0» виртуалды зертхана бағдарламасын құрастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Виртуалды зертхана оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, қазақтың ұлттық құндылықтарын зертханалық дизайн үлгісінде насихаттау, инженерлік, өнертапқыштық және ғылыми өрісін кеңейту мақсатында жасалды.

«Зертханалық жұмыстарды витруалды жүргізу үшін 3D көзілдіріктері қолданылады. Көзілдірік көмегі арқылы, адамның көз алдында модерн үлгісінде жасалған жасанды зертхана елестейді. Зертхана - қазақтың киіз үйі кейпінде болмақ және оның ішінде орналасқан ұлттық тұрмыстық бұйымдар ғылыми жұмыстарды жасауда қолданылатын құрал-жабдықтар ретінде ойластырылған», - деді бағдарлама құрастырушы топтың маманы Руслан Хайырмұқанбетов.

Жоба аясында бүгінде 11 адамнан құралған өнертапқыштар тобы жұмыс жасауда. Жоспар бойынша қамтылуы тиіс тақырыптар оқулықтар базасындағы бағдарламалар негізінде болмақ. Қазіргі таңда физика пәні бағытында 7-9 сынып, ал химия сабағынан 6-9 сынып оқушыларына арналған витруалды зертхана жобасы әзірленді.

«Бағдарламаны құрастыру осыдан 3 жыл бұрын басталды. Жобаны Ақтөбе қаласы М.Дулатов атындағы №63 мектеп-лицейімен бірлесіп, педагогтардың тəжірибелері мен ой-пікірлерін ескере отырып əзірледік. Осы жылғы жаңа оқу маусымында Ақтөбедегі №63 мектеп-лицейіне аталмыш бағдарлама пилоттық негізде енгізіледі. Кейін оқушылардың оқу үлгеріміне жасанды зертхананың қаншалықты әсер еткенін байқаймыз. Оң нәтиже байқалса, онда барлық Қазақстанның қазақ тілді мектептеріне енгізу жоспарда бар», - дейді бағдарламаны құрастырушы топтың мүшесі Мейіржан Серікбайұлы.

Зертханалық тәжірбиелік жұмыстарды жүргізуге арналған бағдарлама мобильдік қосымша түрінде болады. Оны «Play Market» және «App Store» жүктеу жүйелері арқылы кез келген смартфонға орнатуға мүмкіндік бар. Бүгінде виртуалды зертхананың демо-нұсқасы жасалды.


Соңғы жаңалықтар