Вице-премьер спорт бапкерлерінің жалақысын көтеру жөнінде тапсырма берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетіне Токио олимпиадасының қателіктерін талдайтын жұмыс тобын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша қателікпен сапалы жұмыс істеу маңызды деп санаймыз. Бұл мәселе комитеттің бас ассамблеясының бүгінгі отырысында талқыланады. Екіншіден, Ұлттық олимпиада комитетінен дене шынықтыру және спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын өзектілендіруге белсенді қатысуды сұраймын. Сіздердің мол тәжірибеңіз сапалы жоспар дайындауға көмектесетініне сенімдімін. Мемлекеттік органдар мен спорт қауымдастықтарының өкілдері сапынан жұмыс тобын құруды ұсынамын», - деді Ералы Тоғажнов.

Оның айтуынша, бүгінде бапкерлер даярлау ісі өзекті болып тұр.

«Ұлттық олимпиада комитеті Мәдениет және спорт министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жоғары оқу орындарында жаңа білім бағдарламаларын дайындауға атсалысуы керек. Сондай-ақ, министрлікке бапкерлерді қолдау, оның ішінде еңбекақысын көтеру бойынша ұсыныс дайындау керек. Төртіншіден, алдағы Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың табысты өнер көрсетуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселені жуықта Үкіметте талқылағанбыз. Федерация басшыларымен бұл жөнінде жеке кездесу өткіземіз», - деді вице-премьер.


Соңғы жаңалықтар