Вице-министр дәрігерлерге өтемақы төлеу мәселесіне жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Әсем Нүсіпова коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне өтемақы мен төлемдер тақырыбына қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы күндері медицина қызметкерлеріне өтемақы мен төлемдер тақырыбына қатысты көптеген сауал түсіп жатыр. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пандемиясымен күрестегі медицина қызметкерлерін қорғау және ынталандыру саласында не істеп жатқаны жайлы кеңірек ақпарат беруге тырысамын.

Мемлекет басшылығының тапсырмасымен Үкімет COVID-19-ке жұмылдырылған барлық медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру және еңбек жағдайлары қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.

Бірінші кезекте, атап өтейін, министрлік індетті жұқтыру тәуекелінің 3 тобы бойынша медицина қызметкерлерінің негізгі жалақысынан бөлек, ай сайынғы төлемдерді жасауды жалғастыруда», - деп жазды ол Facebook- парақшасында.

Оның атап өтуінше, «тәуекелі өте жоғары» топқа кіретін реанимация бөлімшелерін қоса алған инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін дәрігерлердің, орташа және кіші медицина қызметкерлерінің негізгі жалақысына қосымша 850 мың төлем жасалады.

«Жоғары тәуекел» - провизорлық стационарлар мен жедел көмек дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олар негізгі жалақыларына 425 мың теңге алады.

«Орташа тәуекел» - карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел жәрдем санитарлық дәрігері, жүргіушілер және тағы басқалары. Олар негізгі жалақыларына 212,5 мың теңге үстемеақы алып отыр«, - деді Әсем Нүсіпова.

Сонымен қатар вице-министр 2023 жылға дейін медицина қызметкерлерінің жалақысы қалай көтерілетіндігін тарқата айтып берді.

«Осы жылдың 27 мамырда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІІ отырысында Мемлекет басшысы 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын экономикадағы орташа еңбекақының 2,5 есесіне дейін біртіндеп жеткізу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасында Денсаулық сақтау министрлігінен дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға 2021 жылы 156,8 млрд теңге, 2022 жылы 255,1 млрд теңге, 2023 жылы 393,1 млрд теңге көзделген. Сонымен қатар МӘМС қаражаты есебінен дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға 2021 жылы 65,6 млрд теңге, 2022 жылы 106,6 млрд теңге, 2023 жылы 164,4 млрд теңге бағытталады», - деді ол.

Вице-министрдің дерегінше, 247 медицина қызметкерінің жалақысына арналған шығыстардың жалпы сомасы 2021 жылы 222,3 млрд теңгені, 2022 жылы 361,7 млрд теңгені, 2023 жылы 557,5 млрд теңгені құрайтын болады.

«Осылайша, дәрігерлердің орташа жалақысы 2023 жылы экономикадағы орташа жалақының 2,5 есесін құрайтын болад. Бұл ретте барлық ынталандырушы төлемдерді қоса алғанда дәрігердің орташа жалақысы 2021 жылы 320 мың, 2022 жылы 416 мың, 2023 жылы 561 мың теңгені, орта медицина қызметкерінің жалақысы 2021 жылы 166 мың, 2022 жылы 183 мың, 2023 жылы 201 мың теңгені құрайтын болады», - деді вице-министр.

Мәселен, оның айтуынша, 1 ставкада дәрігердің орташа базалық жалақысы ынталандырушы төлемдерді есепке алғанда 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы стационарда 188,5 мыңнан 244 мыңға, амбулаторлық-емханалық көмекте 180 мыңнан 240 мың теңгеге жеткізіледі. 1 ставкадағы орта медицина қызметкерінің орташа жалақысы 2021 жылы стационарда 133 мыңнан 155 мыңға, амбулаторлық-емханалық көмекте 129 мыңнан 154 мыңға артады.


Соңғы жаңалықтар