Велосипедші Дана Ахметованың өліміне не себеп болғаны анықталады - ҚВСФ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның велосипед спорты федерациясының бас хатшысы Тұлпар Мансұров жас спортшы Дана Ахметованың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Дананың өлімі бәрімізді есеңгіретіп тастады, ешкім мұндай қайғылы жағдайды күтпеді. Белгіленген тәртіпке сәйкес, мұндай ауқымды жарыстарда спортшыларды жедел жәрдем көліктері мен жол полициясы жасақтары алып жүруі тиіс. Тәртіп өте қатал, себебі мұнда спортшылар, көрермендер және өзге де көптеген адамдар бар. Бұл жолы да барлығы тәртіпке сай жүргізілді. Жарыс күндері екі жедел жәрдем көлігі мен дәрігерлер бригадасы кезекшілік ұйымдастырды», - деп хабарлады ол.

Мансұровтың айтуынша, жедел жәрдем көлігі велосипедшілер тобының соңынан келе жатты. Дана Ахметова есінен танып құлаған соң, дәрігерлер 15-20 секундта көмекке келген. 

«Қызға күн өткенде көрсетілуі тиіс медициналық шаралар тез арада жасалды. Атап айтқанда, ауыз қуысының санациясы, оттегі маскасы және күре тамырдан нарий хлориді ерітіндісін жіберу шаралары жасалды. Дана полиция көлігімен Алматы қаласының №7 ауруханасына жеткізілді. Ауруханада жатқанда, біз оған қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алдық. Бірақ, өкінішке орай, дәрі-дәрмек те, дәрігерлер де көмектесе алмады», - деді Тұлпар Мансұров. 

Сондай-ақ, тәртіпке сәйкес, жарыс алдында барлық облыс командаларының,  оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы командасының өкілдері де әрбір қатысушының жарысқа жарамдылығы туралы дәрігердің мөрі басылған өтінімдер береді.

 «Спорттық дәрігерлерге сенеміз. Алайда, федерация мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауы үшін дарынды спортшының неден қайтыс болғанын мұқият тексеруді қолға алады. Дананың өлімі - бәріміз үшін ауыр қайғы. Қазақстанның велосипед спорты федерациясының атынан марқұмның отбасына көмек пен қолдау көрсететінімізді айтқым келеді», - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысының 17 жастағы велосипедшісі Дана Ахметова 29 маусым күні Алматы қаласының №7 ауруханасында көз жұмды. Ол 23 маусым күні  IV Жастар спорттық ойындарында есінен танып құлаған.

ҚР Мәдениет және спорт мниистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және министрліктің Дене тәрбиесі және спорт істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. 

Соңғы жаңалықтар