Вакцинация және дін: Ислам мен православие діні вакцинаға қалай қарайды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Ешқандай дәстүрлі дінде вакцинаға тыйым жоқ, керісінше, ол денсаулық сақтауға деген ұмтылысты танытады.

Қарағанды облысында өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте дін өкілдері ислам және православие тұрғысынан вакцинация мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкілі Бауыржан Мейірбекұлы және Қарағанды және Шахтинск епархиясының Крестовоздвиженский шіркеуі приходының өкілі Александр Угольков атап өткендей, вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді әдісі және исламда да, православиеде де рұқсат етілген.

«Исламда вакцинаға тыйым салынбаған. Дін әр адамды өз өмірі мен денсаулығына тиісті қамқорлық жасауға және аурудың алдын алу жолдарын іздеуге жол сілтейді. Бұл ретте вакцинада шариғатпен тыйым салынған заттар болмауы тиіс», – деп атап өтті Бауыржан Мейірбекұлы.

Шіркеу сонымен қатар өмірді сақтай алатын вакцинаны қолдайды, деп атап өтті Александр Угольков.

Спикер Інжіл уағызымен Алеут аралдарына жеткен Иркутск Әулие Иннокентийдің өмірінен үзінді келтірді.

«Аралдардың халқы қауіпті және өлімге әкелетін шешек індетінен зардап шекті. Құдайға сеніп, барлығын дұға етуге шақырған Әулие тұрғындарды жаңадан пайда болған вакцинаны салдыруға шақырды. Осылайша, індеттің тарауы тоқтады. Біз қазір коронавирус инфекциясының оңайшылықпен кетпейтінін көріп отырмыз. Айналамыздағы адамдар әлі де ауырып, өмірден озып та жатыр. Ғалымдар атап өткендей, вакцинация – қауіпті аурудың таралуын тоқтата алатын бірнеше құралдың бірі», – деді Александр Угольков.

11 тамыздағы жағдай бойынша Қарағанды облысында вакцинаның бірінші компонентін 427 196 адам, екіншісін – 318 151 тұрғын алды.


Соңғы жаңалықтар