Вакцина салдыратын кезде тұрғындарға таңдау бар – дәрігер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы бойынша 356 мыңнан астам адам вакцинаның екі компонентін де салдырды. Қазіргі кезде вакцина, ревакциналау кезінде таңдау жасауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында бір тәулікте 467 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Оның 326-ы вирустың симптомды түріне шалдыққан.

Қазіргі кезде насқастармен байланыста болған адамдар саны 10 мыңнан асып, олар үй карантині шектеуін сақтап отыр.

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінге дейін 40 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, оның 85,5% жазылып шықты.

Қазіргі кезде тұрғындарды иммундау шарасы жалғасып жатыр.

№6 қалалық емханада 35 мыңға жуық тіркеуде болса, оның 13 мыңнан астамы вакцина салдырды.

«Коронавирус инфекциясының алдын алудың ең бірінші жолы вакцина, жеке қорғаныш құралдары екені белгілі. №6 қалалық емханада қазір 35 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Қазір олардың арасында иммундау шарасы барынша қарқынды жүріп жатыр. Былтырға қарағанда тұрғындардың көзқарасы өзгерді, көбі өз еркімен келеді. Қазіргі кезде 13 200-ден астам адам вакцина салдырды. Ал 1500 тұрғын ревакциналаудан өтті. Барлық вакциналау жұмысы емхананың екпе бөлмесінде өтіп жатыр. Адам алдымен дәрігердің қабылдауына барады. Қарсы көрсеткіштің бар-жоғы анықталады. Егер болмаса, вакцина салады. Олар Спутник V, QazVac, Vero Сell пайдаланып жатыр. Ревакцинаға QazVac, Спутник Лайт бар. Кез келген тұрғынға таңдау жасауға мүмкіндік беріледі. Әсіресе қазақстандық өнімге сұраныс көп. Енді дәрігерлер, учаскелік дәрігерлер 60 жастан асқан адамдар мен жасөспірімдер, бала емізетін аналар арасында түсіндіру жұмысын күшейтті», - деді №6 қалалық емхана дәрігері Әділбек Исмайлов.

Соңғы жаңалықтар