Вакцина алмаған қызметкерлер жұмыстан қуылмайды – Асқар Сақыпкереев

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың ішінде өлім жағдайы тіркелмегенімен, шілде айынан бері өңірде 15 адам аурудан қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке қатысып, өңірдегі коронаврусқа қатысты жағдай бойынша түсінік берді.

«Бұған дейін созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті деп келсек, қазір КВИ-ді иммунитеті жақсы, мүлде ауырмаған адамдар жұқтырып жатыр. Коронавирустан қайтыс болғандардың жастары әртүрлі, арасында жастан енді асқан сәби де бар. Жақында ғана 1996 жылы туған, 25 жастағы жігіт коронавирустан көз жұмды. Сондықтан мен ауырмаймын деп арқаны кеңге салуға болмайды. Жалпы шілде айынан бері СҚО-да 15 адам қайтыс болды», - дейді Асқан Сақыпкереев.

Коронавируспен күрестің ең тиімді жолы – вакцинация.

Екпе алғандардың арасында 290 адам КВИ жұқтырғанымен, олар ауруды жеңіл өткеріп жатыр. Стационарда жатқан 635 адамның барлығы - екпе алмағандар.

СҚО-да жеткілікті деңгейде вакцина бар. Екпе пунктерінің саны 100-ден асады.

Дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 80 %-ы вакцинациядан өтті.

10 тамызға дейін қызмет көрсету саласының мамандары препараттың бірінші компонентін алулары тиіс. Бұл межеден кейін тексерістер басталады.

«Егер вакцинация паспорты болса онда олар жұмысын жалғастыра береді. Ал егер құжат болмаса, онда әр апта сайын ПТР тестілеуден өтуі керек. Егер қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік болмаса, онда жұмыс беруші ақысыз демалысқа жібереді. Жұмысшы қызмет орнына тек жағдай тұрғақталғаннан соң ғана орала алады. Екпе алмағаны үшін ешкім жұмыстан шығарылмайды», - дейді СҚО әкімінің орынбасары.

СҚО-да қазіргі таңда 191 340 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, ал екінші компонентін 130 551 адам алды.


Соңғы жаңалықтар