Вакцина алған астаналықтардың ағзасында вирусқа қарсы антидене қалыптасты ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астаналық зертхана коронавирусқа қарсы екпе жасатқан адамдардың иммунитетінде қандай өзгерістер болғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі SARS-CoV-2 коронавирусына карсы екпе жасатқан пациенттерде поствакциналық антидененің бар-жоғын тексеретін талдау жасайды.

7 маусым мен 4 тамыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында аталмыш зертханада поствакциналық антиденені анықтау үшін 962 пациент қан тапсырған болатын.

Пациенттер 6 түрлі екпе алған.

Нақты айтсақ, 866 пациент - «Спутник V» вакцинасын, 58 адам - Hayat-Vax, 14 адам - отандық QazVac, 12 пациент - CoronaVac екпесін, 9 адам - Pfizer вакцинасын, 3 адам - AstraZeneca салдырған.

- Зерттеу нәтижесі бойынша «Спутник V» салдырғандардың 97%-нда, Hayat-Vax алғандардың 90%-нда, QazVac ектіргендердің 79%-нда, CoronaVac алғандардың 92%-нда, Pfizer және AstraZeneca салдырғандардың 100%-нда поствакциналық антидене бар екені анықталды. Әрине, әзірше зерттеуден өткен пациенттердің саны онша көп емес, сондықтан да талдау тапсырғандардың қатары өскен сайын көрсеткіштер айтарлықтай өзгеруі мүмкін, - деп атап өтті компанияның бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Вакцина

Пациенттер саны

Антидененің бар-жоғы

Спутник V

866

97%

Hayat-Vax

58

90%

QazVac

14

79%

CoronaVac

12

92%

Pfizer

9

100%

AstraZeneca

3

100%

Поствакциналық антидененің бар-жоғын тексеруге арналған талдау «SARS-CoV-2 коронавирусының S-ақуызына қарсы G иммуноглобулиндерін анықтайтын иммуноферменттік талдау» деп аталады.

Екпе салғаннан кейін ағзамыз коронавирустың S-ақуызына қарсы антидене қалыптастырып, иммундық жауап береді.

Пациент қанының сарысуында коронавирустың S-ақуызына қарсы антидененің анықталуы вакцина нәтижесінде иммундық қорғаныштың қалыптасқанын білдіреді.

Поствакциналық антидененің бар-жоғын анықтауға бағытталған талдау сапалық сипатқа ие. Ол екпе нәтижесінде коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасты ма, жоқ па деген сауалға жауап береді.

Бұл талдауды иммунизациядан кейін белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана тапсыру қажет. Нақты айтсақ, талдау вакцинаның екінші дозасын алған соң 3 апта өткенде тапсырылады.


Соңғы жаңалықтар