Үздік мемлекеттік қызметшілер анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа қамқорлық жасайтын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, олардың мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін еститін және білетін, туындаған барлық проблемаларға жедел ден қоятын және оларды шешетін «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу қажеттілігін атап өтті. Мұнда халықпен байланыстың тиімді жүйесін орнату, мемлекеттік қызметшінің жоғары бейнесін сақтау маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қызметшілердің халықтың игілігі үшін нәтижелі қызметінсіз еліміздің жетістігі мен өркендеуіне қол жеткізу мүмкін емес», - деді марапаттау барысында конкурстық комиссия мүшесі, агенттік төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев

Байқау мемлекеттік қызметшілер арасында моральдық-әдептілік құндылықтарды насихаттауға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Ой-додаға тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де қызығушылық танытты. Оған 200-ге жуық адам қатысты.

Қатысушылардың жұмыстары үш номинация - үздік эссе/мақала, үздік бейнеролик және үздік ұсыныс бойынша бағаланды. Осылайша, байқауға қатысқан үздіктер анықталды.

«Үздік эссе» номинациясы бойынша:

І орынға Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Дыңғызыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жаңылсын Өттешова;

ІІ орынға Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов;

ІІІ орынға Нұр-Сұлтан қаласы, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының Ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Әбдірахман Дәуленбаев ие болды.

«Үздік бейнеролик» номинациясы бойынша:

І орынды Ақтөбе облысы, Ойыл аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Жеткергенқызы;

ІІ орынды Атырау қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Әлібек Науаров;

ІІІ орынды Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қызылқия ауылдық округі әкімінің бас маманы Бағлан Мәуленов иеленді.

«Таңдаулы ұсыныс» номинациясы бойынша:

І орыннан Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы, Бақы ауылдық округінің бас маманы Нұрлан Әліпбаев;

ІІ орыннан Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Қалмұханбет Байсариев;

ІІІ орыннан Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сара Ноғаева көрінді.

Үздік жобалар Агенттіктің ресми сайтында жарияланып, мысал ретінде мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Айта кетейік, мемқызметшілердің ой-ақылы сынға түскен байқау 2019 жылғы 20 қазанда бастау алып, 15 қарашада аяқталды. Байқауға қатысу үшін үміткерлер эссе, бейнеролик немесе жалпы сұрақтар бойынша ұсыныстар түрінде өз көзқарасын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар