Үздік әскери қызметші: Еліміздің тәуелсіздігін қорғау азаматтық парызым

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Отан қорғаушылар күніне орай Ақмола облысында «Ел қорғанысы - Қарулы Күштер» байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Биыл Отан қорғаушылар күнін мерекеленіп жатқанына 29 жыл болды. Бұл күн Қазақстанның әрбір әскери қызметшісі үшін айтулы күн болды. Солардың бірі - Жанбатыр Белгібаев ішкі істер министрлігінде 15 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол еліміздің тәуелсіздігі мен бір тұтастығын қорғауды өзінің азаматтық парызы деп санайды. Екі жыл әскери міндетін атқарғанан кейін ол осы жолды таңдады. Бүгінде Жанбатыр ЕЦ-166/24 түзеу мекемесінің бөлім бастығының орынбасары болып қызмет істейді. Үш ұлдың әкесі лайықты ұрпақ тәрбиелеуді өзінің міндеті деп санайды.

«Біз Қазақстанда дүниеге келдік. Осы елде өстік. Біздің міндетіміз-отандастарымызға қамқорлық жасау. Біздің басты міндетіміз – лайықты ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойында патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруымыз керек», - деп бөлісті Жанбатыр Белгібаев.

Байқау төрт кезеңде өтті. Қатысушылар білім, тапқырлық, күш дағдыларын орта салды және шығармашылық қырынан да танылды

«Кейбір қатысушылар ширақ, икемді болса, енді біреулері керісінше, жинақылық, сабырлық танытты. Дегенмен, әрқайсысы өз таланттарын көрсете алды. Қатысушылардың барлығы да жеңіске лайық болды»,-деді облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының маманы Азамат Темірғалиев.

Байқау қорытындысы бойынша ЕЦ-166/24 түзеу мекемесінің бөлім бастығының орынбасары Жанбатыр Белгібаев жеңімпаз атанды. Екінші орынды бақылаушы Әділ Шалғынбай, үшінші орынды Көкшетау техникалық институтының оқытушысы Абылай Болат иеленді.


Соңғы жаңалықтар