Ұялы телефон адам миына зиян ба? - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолуын ұсынады.

Антарктида айсбергтерін Оңтүстік Африкаға көшіру мүмкін бе? - ВВС
null 

Оңтүстік Африкада су тапшылығы күннен күнге сезіліп жатқандықтан, ғалымдар Антарктидадағы айсбергтерді Оңтүстік Африкаға көшіру керектігін айтып, бұл мәселені шешудің жолын қарастыруда. ВВС басылымында жарияланған мақалада автор бұл жоба қолға алынса, оның сәтті шығу мүмкіндіктері қаншалықты жоғары екенін қарастырып көріпті.

«Біз үшін айсбергтерді ыстық өңірге көшіру туралы ойдың өзі тым таңсық. Тіпті, бұл мүмкін емес сияқты көрінеді. Дегенмен, Антарктидада айсбергтер жыл сайын көбейіп жатыр. Мұзды есептемегенде, бұл өңірде тіпті қажетсіз су да ағып жатыр. Соңғы ғасырда ғалымдар осы судың пайдаға жарамай жатқанына ерекше мән бере бастаған еді. Ал 2010 жылы Еуроодақ Ньюфаундлендегі айсбергті Канар аралдарына көшіру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұған дейін 1940 жылдары Джон Айзекс атты ғалым Сан-Диегоға айсберг тасымалдау туралы айтса, 1970 жылы Сауд Арабия ханзадасы Антарктида айсбергін Сауд Арабиясына көшіруге қатысты халықаралық екі конференция өткізген еді», деп жазады автор. Оның айтуынша, бұл үш ұсыныстың ұқсастығы бұрын-соңды ешқашан орындалмағанында жатыр.

«Өте үлкен көлемдегі айсбергтерді басқа мемлекетке қалай көшіруге болады? Жалпы, бұл мүмкін бе? Бүгінгі таңда ғалымдар осы сұрақтарға жауап іздеп жатыр. Мамандар қырық жыл бұрынғы жобаларға қайтып келу ғылымда жоқ екенін айтуда. Дегенмен, бұл ретте айсбергтерді көшіру идеясы бұрын да айтылғанымен, оның жолдары ғылыми негізде қарастырылмапты», дейді автор.

Ғалымдардың айтуынша, айсбергті сағатына 1,5 км жылдамдықпен 141 күнде басқа жерге тасымалдауға болады. Бұл уақыт ішінде айсберг салмағы 7,0 млн тоннадан 4,08 млн тоннаға дейін азаяды.

«Ғалымдар айсбергті ерітіп, оның суын тасымалдау туралы да ұсыныстар айтып жатыр. Дегенмен, айсберг суы қарапайым біз білетін судан өзгеше болғандықтан, оның да өз қиыншылықтары бар.  Бір артықшылығы - мұндай жол аз шығынды талап етеді. Ал айсбергті  тасымалдауға келсек,  үлкен айсбергті жылжыту үшін күніне  40-50 тонна жанармай қажет», деп жазады автор.

Ұрықтың генін өзгертуге бағытталған жоба тоқтатылды - Xinhua
null 

Қытай ұрық генін өзгертумен айналысып жатқан ғалымдардың жұмысын тоқтатты. Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Хэ Цзянькуй атты ғалым гендік модификация жасалған эмбрионнан егіз балалардың дүниеге келгенін айтқан. Оның айтуынша, олардың гені ВИЧ инфекциясына қарсы тұра алатындай етіп өзгертілген. Ал Қытай билігі бұл жобаны табиғатқа қарсы әрі этикалық тұрғыда дұрыс емес деп айыптады.

«Генді өзгерткен ғалым  Қытай заңнамасын бұзды. Бұл ғылымның да этикасына жат дүние», деді Қытайдың Ғылым және технологиялар вице-министрі.

Хэ Цзянькуй генді өзгерту үшін белгілі бір генді алып тастауға немесе қосуға мүмкіндік беретін CRISPR-cas9 атты құралды пайдаланғанын айтты. Бұл процедураның жүкті әйел дүниеге келген балаларға  болашақта қалай әсер етуі мүмкін екені әлі белгісіз.

Бет трансплантациясын жасаған адам жүзін көрсетті - CNN
null 

Он ай бұрын 3D-принтер арқылы жасалған бет трансплантациясы бойынша 25 сағатқа созылған операция сәтті аяқталған еді. CNN агенттігінің хабарлауынша, емделуші операциядан кейін алғаш рет көпшілікке жүзін көрсеткен.

«2016 жылдың маусымында бетіне оқ тиген Андервуд төменгі иексіз, мұрын мен тіссіз қалған еді. Оның анасы баласының бетіне трансплантация жасату үшін NYU Langone Health профессоры доктор Эдуардо Родригеске жүгінген», деп жазады автор.

Алғаш рет бет трансплантациясы 2005 жылы Францияда жасалған. Содан бері әлем  бойынша мұндай операциялар саны қырыққа жеткен.

«Операция 25 сағатқа созылды. Трансплантация Андервуд жарақан алғаннан кейін 18 ай өткенде жасалған. Емхана мамандарының айтуынша, бұл емделушінің психологиялық, эмоционалдық және физикалық жағдайына жақсы әсер етеді. Андервудқа 23 жастағы Нью-Йорк тұрғыны донор болды. Андервуд бұл оқиға өзі сияқты адамдарға шабыт беретініне сенімді», деп жазады автор.

Смартфон адам миына зиян ба? - Vox
null 

Бүгінгі таңда цифрлық технологияларды қолдану адам миына зиян деген пікір кең тараған. Цифрлық технологиялар, смартфон, компьютер, планшеттер барлығымыздың серігімізге айналған. Осы ретте Vox басылымы аталған пікір туралы сарапшылар ойын сұрап біліпті.

«Адамдар күнделікті қалтасында ұстап жүретін технологиялар денсаулыққа зиян екені жиі айтылады. Біз бұл технологияларға көп уақытымызды арнаған сайын оның бізге зияны туралы да көп алаңдаймыз. Бір анығы - цифрлық технологиялар біздің когнитивті қызметімізге кері әсерін тигізеді. Біз алаңғасар болып, есте сақтауымыз нашарлап, мазасыз бола бастаймыз. Яғни, цифрлық технологиялар адам танымына терең трансформация жасап жатыр», деп жазады автор. 

Дегенмен,мақалада айтылғандай,  адам миы мен цифрлық технологиялардың арасындағы байланыс туралы нақты зерттеулер жоқ.

«Кейбір мамандар цифрлық технологияларды үздіксіз пайдаланудың  психологияға кері әсері бар екенін айтады. Стэнфорд университеті психология кафедрасының басшысы Энтони Вагнердің  айтуынша, бір уақытта өте көп ақпаратқа назар салудың расымен кері әсері көп.  Ал Висконсин университетінің адам экологиясы мектебінің доценті Хизер Киркорян цифрлық технологиялардың кері әсер етуі немесе әсер етпеуі біздің технологияларды қалай пайдаланып жатқанымызға байланысты екенін айтады», дейді автор. Ал Калифорния университетінің неврология профессоры Адам Газзали цифрлық технологиялар эмоцияны бақылауда ұстауға, назар аудару мен күйзеліске тікелей әсері бар. Ол тек технологиядағы контентке ғана емес, байланыс орнатуға арналған сигналдарға да байланысты.

Экологиялық ластанудың білім беруге қандай әсері бар? - The New York Times
null 

Көптеген зерттеулер экологиялық ластану мен білім беру деңгейінің, халық кірісінің төмендігінің арасында тікелей байланыс бар екенін айтуда. Осы ретте The New York Times басылымы экологияның экономикалық өсімге қалай кері әсер етіп жатқанын зерттеп көріпті.

«Ластанудың адам өміріне, денсаулығына, қоғамға қандай әсері бар екені туралы көптеген зерттеулер бар. Дегенмен, оның білім беру сапасы мен экономикалық нәтижелерге қандай әсері болуы мүмкіндігі түсініксіз екені анық. Мамандардың айтуынша, ластанудың кесірі балаларға өте көп тиеді. Қоршаған ортаның ластануы балалардың денсаулығына, дамуына кері ықпал етеді.Тіпті, ана жатырында жатқанда-ақ ауаның ластануын сезінген баланың мектепте сабақ үлгерімі нашар екені байқалған зерттеулер де бар. Экологиялық ластану жұмыс сапасына да әсерін тигізеді», деп жазады автор.

Экономикалық өсім адам денсаулығы мен өмір жасының ұзақтығымен өлшенеді. Ал қоршаған орта ластанса, ол денсаулыққа да, экономикаға да кері әсер етеді. Яғни, экологиялық ластану мектеп пен жұмыс орнындағы өнімділікке тікелей ықпал ете алады.

 

Соңғы жаңалықтар