Үстіртте фототұзаққа ілінген қабылан Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үстірт мемлекеттік қорығында тағы да қабылан фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінң Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды.

Оның мәліметінше, фототұзаққа қабылан 2019 жылдың желтоқсан айы мен 2020 жылдың қаңтарында екі мәрте түсіп қалған. Ал жалпы Комитет өкілдері Үстіртте қабыланның пайда болғанын 2018 жылы хабарлаған болатын.

«Сол тұста қорықта қабыланды зерттеу бойынша экспедиция ұйымдастырылған еді. Экспедиция қорытындысы бойынша, мамандар мысық тұқымдастардың сирек кездесетін түрі – алдыңғы азиялық қабыланның пайда болғанын растаған еді. Осыдан кейін комитет жыртқышты зерттей бастады. Жақында сол қабыланды «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізу» жобасы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алдық», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.

Қабыланды Қызыл кітапқа енгізудегі басты мақсат – Қазақстанда аталған аңды сақтау және оған мониторинг жасау бойынша жұмысты жалғастыру болып отыр.

Panthera pardus L.,1758 қабыланы – жыртқыш сүтқоректілердің түрі. Негізінен Африка мен Оңтүстік Азияда мекендейді.



Фото: www.facebook.com/s.dildakhmet


Соңғы жаңалықтар