Ұстаз бен дәрігердің жалақысы елдегі орташа айлықтан жоғары болуы тиіс - Бердібек Сапарбаев

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды. Сапар барысында ол мұғалімдер және білім саласының басқа да қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру туралы айтты.

Вице-премьер Президенттің тапсырмасы бойынша педагогтардың мәртебесін арттыру, оларды материалдық қамтамасыз ету деңгейін жақсарту және білім беру саласының басқа да мәселелері шешілетінін атап өтті. Тиісті заң жобасы Парламентте қаралуда.

«Әрбір елдің дамуы білім, денсаулық сақтау, азаматтардың мәдениетіне байланысты. Біздің балаларымыздың халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы білім алуы маңызды. Сондықтан біз мұғалімдердің мәртебесін, олардың материалдық қамтамасыз етілуін арттыруымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Келешекте біздің мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан жоғары болуы тиіс», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, вице-премьердің пікірінше, мектеп директорларының жалақысы сапалы көрсеткіштерге байланысты болуы тиіс.

«Мысалы, бұл мектепте 4000 бала, ал көрші мектепте 500 бала оқиды. Жүктеме әртүрлі, ал директорлардың жалақысы бірдей. Сондай-ақ, оқу сапасы, «Алтын белгі» алатын түлектерінің саны, тәртібі және басқа да көрсеткіштер ескерілмейді. Бұл мәселелер жаңа заңда ескеріледі», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ, вице-премьер мұғалімдерді жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру бойынша жұмысты күшейтуге шақырды.

«Өкінішке қарай, соңғы уақытта жасөспірімдер арасында суицидтер мен құқық бұзушылықтар саны өсуде. Бұл ата-аналар мен мұғалімдердің өзара іс-қимылының нашарлағанын көрсетеді. Бұл мәселені шешуде біз қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін үйлестіру үшін қоғамның назарын осы мәселеге аударғымыз келеді. Лайықты ұрпақты тәрбиелеу - біздің ортақ міндетіміз», - деді Бердібек Машбекұлы.

Бүгінгі жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары халықпен кездесіп, түрлі саладағы қызметкерлермен де жиналыс өткізеді. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер күніне орай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталығындағы салтанатты шараға қатысады. Сапар аясында Бердібек Машбекұлы Шиелі, Жаңақорған аудандарында да болады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар