Ұшақтардың ұшып шығу интервалы бұзылмаған - Қазаэронавигация Алматыдағы апат жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазаэронавигация» РМК Алматы маңындағы «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатына байланысты ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазаэронавигация» РМК Алматы маңындағы ұшақ апатынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айта отырып, зардап шеккендерге тезірек сауығуын тілейді. «Қазіргі таңда БАҚ-та «Бек Эйр» ұшағының бұрын ұшып шыққан әуе кемесінің бағыттас ізіне түсіп кеткені туралы ақпарат тарады. «Қазаэронавигация» РМК тарапынан аталмыш әуе апатының тұспалды себептеріне қатысты пікір білдіру көзделмеген. Алайда жоғарыда аталған әрі шындыққа жанаспайтын ақпаратты оқи отырып, келесі жайды баян етуге тура келіп тұр: Fokker -100 әуе кемесі және оның алдында ұшып кеткен Аэробус А-321 ұшағы 136 тонналық салмақты көтере алады. Тиісінше, орта деңгейдегі әуе кемесі саналады. Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрінің 2011 жылдың 16 мамырындағы Әуе қозғалысына қызмет көрсетуді ұйымдастыру туралы №279 Нұсқаулығының 186-бөлігінде көрсетілгендей, бір ұшу-қону жолағынан орта деңгейдегі әуе кемелерінің минималды ұшып шығу бойынша уақыт аралығы 1 минутты құрайды», - делінген хабарламада.

Компанияның хабарлауынша, Қазақстан Республикасында бекітілген аралықтар жалпыәлемдік талаптар мен стандарттарға сай келеді. Халықаралық әуежайларда да ұшып шығу мен қону аралықтары дәл осындай тәртіппен белгіленген.

«Объективті бақылау құралының материалдарына сәйкес, жоғарыда аталған әуе кемелерінің ұшып шығу аралықтары 2 минут болған. Тиісінше, аталған ұшақтардың ұшып шығу аралығында уақыт интервалы бойынша ешқандай бұзушылық болмаған», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 93 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.




Соңғы жаңалықтар