Ұшақ апатынан жапа шеккен жақынына бармақ болғандарға халық ұшақтағы орнын беріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан әуежайында жолаушылар Air Astana ұшағындағы орындарын әуе кемесі апатынан зардап шеккендердің туыстарына берді. Бұл туралы Air Astana әуе компаниясының кірістерді басқару жөніндегі директоры Ерболат Байсалықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз осы тәуліктің ішінде зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақын туыстары болып келетін 33 жолаушыны жеткіздік. 19 адамды бүгін таңертеңгі 05:00-де алып кеттік. Бүгін 11 баланың анасын жібердік. Оның бір баласы әуе апатынан зардап шекті, 10 баласымен ұшып кетті. Яғни, бізде адамдардың саны бойынша шектеу жоқ. Барлық жақын туыстары ұша алады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан әуежайының дәрігеріне де бірге ұшуды өтіндік», - деді ол.

Оның айтуынша, әуежайда ұшақ апатынан зардап шеккендерге өз орындарын берген жолаушылар да болды.

«Қазіргі уақытта зардап шеккендердің немесе қаза тапқан адамдардың туған-туыстары үшін өте ауыр екендігін түсінуіміз керек. Сондықтан осындай қадамға барып, оларды тегін тасымалдадық. Жаңа жыл қарсаңында барлық рейстер толық. Сол себепті Нұр-Сұлтан әуежайының тіркеу орнынан, халық алдына шығып, жолаушылардан зардап шеккендердің туыстары үшін орын беруді өтіндік. Бақытымызға орай, ондай жолаушылар табылды. Оларға зор ризашылығымызды білдіреміз», - деді Ерболат Байсалықов.




Соңғы жаңалықтар