Үш жылдық бюджетте әлеуметтік міндеттерге ерекше назар аударылды - Нұрлан Нығматулин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш жылдық бюджетте бірінші кезекте әдеттегідей әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Шын мәнінде бюджеттің жартысы осы салаға арналып отыр. Сонымен бірге, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамыту, ауылды өркендету және басқа да салаларға тиісті қаражат қаралды. Осының нәтижесінде еліміздің, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық бағытын одан әрі нығайтуға тағы бір нақты қадам жасадық», - деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол алдағы ең басты міндет – бекітілген қаражатты жоспарға сәйкес дер кезінде тиімді игеру екенін атап өтті.

«Осы жолда Үкімет депутаттық корпуспен бірге нәтижелі жұмыс атқарады деп сенеміз. Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беретіндей қалыптастырылды. Екіншіден, елдің даму мақсаттарына жауап береді, үшіншіден, постпандемиялық қалпына келудің оңай емес ахуалын ескереді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елімізде инфляцияның өсуінің негізгі себептерін айтты.

Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде болжанып отырғанын айтты.

Министр 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард доллар деңгейінде болжанып отырғанын және 2026 жылға дейін 79,8 миллиард долларға дейін ұлғаятынын жеткізді.

Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард доллардан 2026 жылы 43,4 миллиард долларға дейін ұлғаяды.


Соңғы жаңалықтар