Үржарлық көпбалалы аналар: Күніне мың дана маска тігіп, тегін таратамыз

None
None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылындағы көпбалалы аналар игі істерді қолға алуда. Қарттарға, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізіп беріп жатқан олар енді бірнеше мәрте пайдалануға болатын медициналық маскалар тігуде.

Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне көпбалалы аналардың бірі Рысалды Мұхаметқалиева айтып берді.

«Ауылдағы көпбалалы аналар WhatsApp мессенджерінде топ ашқанбыз. Сол жерде бәріміз ақылдасып, қол қусырып отырмай, пайдалы іс жасауға бекіндік. Кәсіпкерлердің қолдауымен азық-түлік алып, зейнеткерлерге, жағдайы төмен жанұяларға жеткізіп бердік. Бірақ осымен шектеліп қалғымыз келмеді», - дейді ол.

Ойлана келе, аналар дәріханаларда тапшы болып жатқан медициналық маска тігуге бел байлаған. Бұл бастамаға Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов те қолдау білдіріп, қажетті материалдармен қамтамасыз етіпті.


«Жоспар бойынша күніне мыңға жуық маска тігіп, кешке қарай зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы жанұяларға таратамыз. Еш ақысыз. Елімізге келген уақытша сынақтарды бірге еңсереміз. Ең бастысы, осындай қиыншылықты жеңу жолында жұмыла әрекет етейік», - дейді Рысалды Мұхаметқалиева.

Жалпы, ауданда жұқпалы індеттің алдын-алу бойынша шұғыл әрекет ету топтары құрылған. Барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынып, жүзеге асырылуда.


«Игі істі қолға алған аналар қауымы көпшілікке үлгі көрсетуде. Осындай бастамаларға әркез қолдау көрсетуге әзірміз», - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов.


Соңғы жаңалықтар