Уругвай Сыртқы істер министрі Қазақстанға алғаш рет сапармен келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Уругвайдың Сыртқы істер министрі Родольфо Нин Новоамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, латынамерикалық елдің сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғаш рет сапармен келіп отыр.

17 қазанда өткен келіссөздер аясында министрлер Қазақстан мен Уругвай арасындағы қарым-қатынастардың дамуындағы оң серпінді атап өтіп, екіжақты күн тәртіптің өзекті мәселелерін талқылады, саяси диалогты нығайтудың қажеттілігін растады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен МЕРКОСУР арасында, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде ынтымақтастықты нығайту перспективаларын баса айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттарда ықпалдастықты дамыту маңыздылығына назар аударды.

Министр Мұхтар Тілеуберді шетел бизнес өкілдеріне жасалып жатқан қолайлы жағдайларға назар аударып, уругвайлық тарапты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыруға және денсаулық сақтау мен туризм салаларында тәжірибе алмасуға шақырды. Елдер арасындағы байланыстарды күшейтіп, мәдениеттерімізді жақындату мақсатында тараптар визалық режімді ырықтандыру бойынша тиісті келісімдерді жасасуға қолғабыс көрсетуге уағдаласты.

Сонымен қатар, министрлер көпжақты форматта да диалогты нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Ядролық қаруды таратпау және халықаралық терроризмге қарсы күреске ерекше назар аудара отырып, тараптар БҰҰ шеңберінде жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша сындарлы өзара ықпалдастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Р. Нин Новоа Монтовидеоның Нұр-Сұлтанмен сындарлы және өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екендігін растап, Қазақстанның СІМ басшысын Уругвайға сапар жасауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар