Ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерге басымызды иеміз – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин отандастарымызды Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайты хабарлады.

«Құрметті қазақстандықтар, Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын! Бұл – Қазақстан халқы үшін аса қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күні біз қасиетті Отанымызды қасық қандары қалғанша қорғап, кейінгі ұрпаққа жарқын болашақ пен бейбіт өмір сыйлаған әкелеріміздің, ата-бабаларымыздың батырлығы мен қайсарлығына құрмет көрсетеміз, жеңімпаз майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің алдында шынайы құрметпен және ризашылықпен басымызды иеміз» делінген құттықтау хатында.

Сондай-ақ Үкімет басшысы елімізде ардагерлер қатары сиреп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Жыл сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Біздің парызымыз – оларға барынша көңіл бөліп, қамқорлық көрсету, қаһарман батырларымыздың тарихқа айналған ерліктерін келер ұрпаққа жеткізу. Ұлы Жеңістің жаңғырығы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», - деді ол.

Сөз соңында Асқар Мамин Қазақстанның көгінде әрдайым бейбіт күннің жалауы желбіреуін, ардагерлерімізге мықты денсаулық, өршіл рух, туған-туыстары мен жақындарына бақыт, балалары мен немерелеріне қуаныш тіледі!


Соңғы жаңалықтар