Ұрланған көлікті іздеу кезеңінде иесіне салық салынбайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлігі ұрланған азаматтар көлік салығын төлеуге міндетті ме?Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандарына Орталық коммуникациялар қызметінде осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Желі қолданушысының айтуынша, иелігіндегі көлік 2016 жылдың мамыр айынан бері іздеуде екен. Бір күні сол көліктің салық қарызы жинақталып, бұрынғы иесі ретінде мойнына іліне ме деп алаңдайтынын айтады.

Сауалға жауап берген Мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды әкімшілендіру және арнайы салық режимі департаментінің директоры Азамат Садықов ұрланған көліктің салығын төлемеу үшін оқиғаны дер кезінде хабарлап, фактіні дәлелдейтін құжаттарды пысықтау маңызды екенін айтты.

«Көлік құралдарын тіркеу саласындағы салық органына берілетін іс қозғау фактісін немесе күнін растайтын мәліметтер іздестіру кезеңінде көлік құралдарына салық төлеуден босату үшін негіз болып табылады. Осылайша, егер ұрлық фактісін дәлелдейтін мәліметтер болса, онда салық есептелмейді», - деді комитет өкілі.

Еске салсақ, аталмыш брифингіге көлік салығы қандай өлшемдер бойынша есептелетіні айтылған болатын.


Соңғы жаңалықтар