ҰОК: Токио Олимпиадасына дайындық тексерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев ҰОК қызметкерлерімен Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысты жиын өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, Токио Олимпиадасына 178 күн қалды. Осыған орай, Қазақстанның басты олимпиадалық ұйымының департамент және бөлім басшылары аралық жұмысын қорытындылап, есеп берді.

«Олимпиада ойындарына дайындық ретінде жоспарланған барлық іс-шаралар күнтізбе бойынша өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін ешқандай келеңсіз жағдай болған емес. Құрамаға барлық жағдай жасалған», - деді спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.


Оның айтуынша, жолдама жолындағы талас әлі де жалғасады. Биыл қазақстандық спортшылар екі лицензиялық әлем чемпионаты, 12 әлемдік іріктеу турнирі, 22 әлем кубогының кезеңі, 30 Гран-при кезеңі мен халықаралық рейтингілік турнирлерге қатысады. Токио Олимпиадасына дайындық кезеңінен бөлек, ҰОК басшысы Спорт дирекциясына жақында Лозаннада аяқталған жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасын қорытындылап, сараптама жасауды тапсырды. Айта кетерлігі, жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық спортшылар жүлдегерлер қатарынан тыс қалды.

«ҰОК қызметі ұлттық құрама командалардың ересектер құрамын жаттықтыруға бағытталғанына қарамастан, біз жастар мен жасөспірімдер командаларының дайындығына бей-жай қарай алмаймыз. Өйткені, бұлар біздің болашағымыз. Резервте не болып жатқанын үнемі бақылауда ұстап, келешекте ұлттық құраманы кімге сеніп тапсыратынымызды білуіміз қажет», - деді Тимур Құлыбаев.


Жиын барысында «таза» спорт үшін күрес және допингке нөлдік төзімділік бағыты да сөз болды. Өткен жылы «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойылған. Мұнда тыйым салынған дәрі-дәрмектер мен субстанцияларды тағайындағандарға, таратқандарға, қолданғандарға қатал жаза қарастырылған. «Допингке нөлдік төзімділік тек сөз жүзінде қалмауы керек. Егер спортшылар біздің сенімді ақтамай, тыйым салынған заттарға жүгінетін болса, біз оларға қатысты шара қолданамыз. Осы орайда, мұндай әрекеттің жазасыз қалмайтынын және салдары ауыр болатынын басқа спортшылар көруі қажет. Олар спорттан тыс әрекет үшін жауапкершілік үлкен екенін сезінуі керек», - деген ҰОК басшысы спортшыларды ақпарттандыру деңгейін дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Спортшыларға сапалы медициналық қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Спорттық медицина және антидопинг департементінің директоры Ғалия Біләлованың айтуынша, қазіргі таңда кешенді-ғылыми топтарда (КҒТ) жалпы есебі 120 маман жұмыс істейді. Олардың ішіндегі 30 маман Олимпиада ойындары кезінде Қазақстанның медициналық штабында қызмет атқарады.

ҰОК президенті КҒТ қызметкерлерін аттестациялауды, кадрлар дайындауды және мамандардың біліктілігін үнемі арттырып тұруды тапсырды. Жиын барысында жақында Алматы облысында ашылған «Prosport» заманауи спорттық медициналық орталығының үлкен рөлі де сөз болды. Аталған орталықта функционалды тестілеу, спортшыларды оңалту және қалпына келтіру қарастырылған, сондай-ақ, мұндай зертхана мен медициналық аймақ бар. Алдағы уақытта спортшылар көп жиын өткізетін Нұр-Сұлтан қаласында орталықтың филиалын ашу жоспарлануда.


«Токиодағы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Олимпиада лицензиясына таласып жатқан спортшылардың ғана емес, құрама команда дайындығын қадағалайтын топтың да жауапкершілігі артатын кезең келді. Ұйымдастыруға қатысты сұрақтардың барлығы ҰОК-те жұмыс істейтіндерге тікелей байланысты. Оның ішінде, спорттық бағыт, халықаралық бағыт, антидопинг мәселесі – барлығы да бар. Олар біздің күн сайынғы бақылауымызды талап етеді. Біздің бірлескен жұмысымызға спортшылардың табысы да байланысты екенін ұмытпау керек», - деді Тимур Құлыбаев.

Айта кетелік, Токиода жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан командасы спорттың 14 түрі бойынша 27 олимпиада лицензиясын иеленген.


Соңғы жаңалықтар