Университеттер базасынан педагогикалық институт құру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 17 аймақта қалыптасқан университеттер бар. Солардың базасында білім беру институттарын құру керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЖОО Ректорлар кеңесі төрағасы Ерлан Сыдықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде университеттер көп. 18 миллион халқы бар елге екі жердің бірінде көпсалалы университет ашу оңай емес. Осы тұрғыда жоғары оқу орындарын бейімдеу мәселесін алға қойып отырмыз. Оқу бағдарламасы экономиканың әр саласына қарай негізделген, бағытталған, сол саладағы жұмыс берушілермен тікелей байланыстағы жоғары оқу орындары болса - бұл нарыққа төтеп беретін жоғары оқу орындары болары сөзсіз», - дейді Ерлан Сыдықов.

Ол осы мәселе аясында педагогикалық мамандар әзірлеу керектігін алға тартады.

«Таяуда өткен Үкімет мүшелерімен өткізілген жиында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да педагогикалық мамандар мен институттарды тәртіпке келтіру керек екенін айтты. Тәртіпке келтірудің бірден бір жолы ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі өз ұсынысын айтты. 17 аймақта қалыптасқан университеттер бар. Солардың базасында педагогикалық институттар құрып, оның басшысы факультет емес, институт директоры және сол университет ректорының орынбасары болып қызмет атқарса жаңа база салудың қажеті болмас еді. 17 аймақтың бәріне педагогикалық мамандар бірдей керек. Педагогикалық институт бір жерде ашып, екінші жерде ашпауға болмайды. Ал барлық аймаққа бірдей педагогикалық институт салып беру мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, жоғарыда атап өткендей, университеттердің қалыптасқан базасында бұл мамандарды дайындауға болады. Бұл мәселеде жергілікті билік белсенділік көрсетуі керек, себебі мұғалімдер жергілікті жерлерге керек. Кей өңірде 300-ден бастап 1000-ға дейін мектеп бар. Ол мектептерге жылына 2 мұғалім барады деп есептесек, 1000 мектепке 2 мың мұғалім керек деген сөз. Осыны реттеу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі жүйелі жұмысын бастап кетті», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар