Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ әскери жаттығуларына қатысу мүмкіндігі қаралуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатта Үндістан мен Пәкістанға ШЫҰ-ның әскери жаттығуларына қатысуға мүмкіндік беретін заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда «2007 жылғы 27 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

«Бұл құжат 2017 жылдан бері ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болып келе жатқан Үндістан мен Пәкістан Ислам Республикасына әскери және террористік әрекеттерге қарсы бірлескен жаттығуларға қатысуға мүмкіндік береді», – деді сенатор Талғат Мұсабаев.

Құжат сонымен қатар ШЫҰ аясында өтетін бірлескен әскери жаттығулардың географиясын кеңейтуге де мүмкіндік береді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасын Палатаның қарауына жіберді.

Еске сала кетейік, бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінде биыл 9 қыркүйекте мақұлданған еді.

Хаттаманың мақсаты – ұйым аясында әскери оқу-жаттығуларды өткізу үшін құқықтық негіз болатын келесімге ШЫҰ –ға енген кез келген мемлекеттің қосылуын қатамасыз ету.


Соңғы жаңалықтар