Ұн өнімдерін өзіміз де жасаймыз: Ақмолалық комбинат бидайды шетелге сатпауға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттар партиясы Ақмола облысы Аршалы ауданы Анар станциясындағы «Аян» макарон-диірмен комбинатының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпорын 2017 жылы бос тұрған Анар астық қабылдау бекетінің орнында ашылған. Қазір комбинат тәулігіне 200 тонна бидайдан ұн алып, жүзден астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

«Мұндағы астық сақтайтын 8 банк кеңес заманынан қалған. Оған күрделі жөндеу жүргізу керек. Сонда әрқайсысына 3 тоннадан 24 тонна астық сақтауға болар еді. Оған қоса 10 тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін қойма бар. Келешекте мемлекеттен арзан несие алып, барлығын жөндеуден өткізіп, іске қосқымыз келеді», - деп таныстырды «Аян» макарон-диірмен комбинатының коммерциялық директоры Елена Ким.


Кәсіпорын бидайды үгітіп, ұнның 3 сорты мен кебек алады, макарон және жайма өнімдерін шығарады. Бір тәулікте 24 тонна макарон және 4 тонна жайма жасалады.

«Біздің өнімдер Қырғызстан, Өзбекстан және Ауғанстанға экспортталады. Қазақстанның ішкі нарығына ұнның 50 пайызы жіберіледі. Ақмола мен Нұр-Сұлтаннан бөлек, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстарында клиенттеріміз бар. Тауарды өткізуде еш проблема болмайды, алайда бидай жетіспеушілігі байқалады», - дейді директор.


Комбинат өз жерінде бидай өсіреді және Ақмола облысындағы шаруалардан астық сатып алады. Қазақстанның бидайы қалмаса, Ресейден де астық сатып алуға мәжбүр.

«Біздегі бидайдың басым бөлігі Ауғанстан мен Өзбекстанға шикізат күйінде кетіп жатыр. Астық алу мен ұн сату арасындағы маржиналдық өте төмен. Кей айларда жұмысшылардың орнын сақтап қалу үшін шығынға да жұмыс істейміз. Өйткені кәсіпорында Анар, Аршалы, Осакаровка ауылдарынан 120 адам жұмыс істейді. Оларға 100-150 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Қазақстандағы бидай шетелге емес, бізге сатылса, өнім жасауда көрші елдермен бәсекелесе алар едік. Қазір Өзбекстанда бірнеше диірмен пайда болды, Қазақстанның бидайынан өздері ұн мен басқа өнімдерді жасап отыр», - деп түсіндірді комбинат басшысы.

Сонымен бірге, өңдеуші кәсіпорын салықтық жеңілдіктер мен электр энергиясы тарифін төмендетуді сұрап отыр.

«Салық пен ҚҚС бойынша жеңілдіктер жасалса, әрине өнім құны да арзандайтын еді. Электр энергиясы тарифін де арзандатқымыз келеді, себебі біз өте көп энергия тұтынамыз. Осындай әкімшілік шығын мәселелерін шешуде бізге мемлекеттің көмегі қажет», - дейді Елена Ким.

Өз кезегінде «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттар партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков ұн экспортының мемлекет назарынан тыс қалғанын сынға алды. Оның айтуынша, 2011-2013 жылдары тек қана етке көңіл бөлініп, Қазақстанның брендіне айналған ұн өндіру, макарон жасау, яғни дәнді-дақылдарды қайта өңдеу жұмыстары шет қалды. Қазақстанда дәнді дақылдарды қайта өңдейтін 270-ке жуық кәсіпорынның толық әлеуеті пайдаланылмай отыр.


«Жалпы халықаралық саудада жылына 10 млн тонна ұн саудаланады. Бұл салада соңғы 10-15 жылда үш мемлекет көш бастап тұрды – Еуроодақ, Түркия және Қазақстан. Ал 2007-2009 жылы Қазақстан ұн экспортында дүние жүзінде бірінші орынға шыққан. Онда кәсіпорындарға бір ғана мемлекеттік қолдау көрсетілді – бидайды сатып алу үшін несиенің сыйақысын субсидияладық, 18-20 пайыздан 5 пайызға түсіріп беретінбіз. Соның арқасында кәсіпорындар жоғары көрсеткішке жетті.

Бірақ 2011-2013 жылдары қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары көмек сұрап келгенде, министрлік «Сендер кәсіпкерсіңдер, өздерің шешіңдер, біз сыртқы саудамен айналыспаймыз» деп шығарып салатын. Бірақ, ет экспортымен тікелей өздері айналысып жүретін. Осындай екі түрлі стандарт болды. Біз мұнда етпен айналыспа деп отырған жоқпыз, қолдағы алтынның қадірін бағалап, етпен бірге ұн өнімдерін де шығарайық», - дейді Т. Рахымбеков.


Спикердің айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстан ұнды Азия елдеріне жиі экспорттайтын. Отандық ұн Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістанға баратын.

«Тәжіктер 95 пайыз ішкі сұранысын Қазақстанның ұнымен жабатын. Ал қазір біздің шенеуніктердің «арқасында» 95 пайызын өз ұнымен жауып отыр. Онда бидай өсіп кеткен жоқ, Қазақстанның бидайын алып отыр. Былтырғы статистикалық деректерге сүйенсек, осы екі мемлекетке 700 мың тонна ғана ұн шығарыппыз. Бидайға есептегенде 1 млн тонна. Ал бидай ретінде 3,5 млн тонна шығарыппыз. Сол 3,5 млн тонна бидайды өз елімізде өңдегенде, жұмыс орындары ашылып, салықтың бәрі өзімізде қалар еді», - дейді спикер.


Партия өкілі шенеуніктердің тиісті шешім қабылдауы керектігін айтты.

«Біріншіден, дәнді жақыл өңдеушілерге айналым ақша сыйақысын түсіріп, несиені 4 пайыздан асырмау керек. Және электроқуат тарифін азайту керек, өйткені ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар тарифі 1,5-2 есе қымбат болып отыр. Оны біз талай айтқанбыз және теміржол тарифін ұсынғанбыз. Бидай тасымалдағанда теміржол тарифін көтерейік те, дайын ұн тасымалдағанда – керісінше түсірейік. Қызылжардан Ташкентке жеткенше жолдың 99 пайызы Қазақстанның аумағында болады. Яғни, дайын ұн сатып алуға жағдай жасау керек.


Кімге сатса да, бидайдың бағасы бәрібір 150 доллардан аспайды. Одан фермер ұтылмайды. Ішкі нарықта жағдай жасаса, ұн мен макарон жасайтын комбинаттар сатып алар еді. Фермерлерге де, ұн өндіретін кәсіпорындарға да жағдай жасау керек. Тіпті осымен шектеліп қалмай, әрі қарай глютен, белок экспортқа шығарсақ, одан да жоғары бағаланады», - деді Төлеутай Рахымбеков.


Соңғы жаңалықтар