Ұлық ұлыс – Ұлы дала тарихы: Танымал ғалымдар Алтын орданың тарихтағы рөлін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында Алтын орданың 750 жылдығына арналған «Ұлық ұлыс - Ұлы дала тарихы» халықаралық конференциясына ғалымдар, зерттеушілер, Әзербайжан, Ресей, Армения және басқа да мемлекеттердің сарапшылары қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндай шара өткізуді шығыстанушы ғалымдар қаншама уақыт армандады. Бұл конференцияға мыңнан астам қазақстандық тарихшылар қатысып отыр. Ұлық ұлыстың рөлін объективті және ғылыми түрде қозғау туралы тақырып Тұңғыш Президент - Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерінде де қозғалған. Бұл туралы оның «Тарих толқынында», «Қазақстан жолы», сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» еңбектерінде жазылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлем тарихындағы Ұлық ұлыстың рөліне ерекше көңіл аударды. Ол Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының кесенесі Қазақстан аумағында екенін бәрі білмейтінін, Алтын орданың негізін қалаушыға құрмет көрсетілуі керек екенін айтқан. Ұлық Ұлыстың мемлекеттік тілі - қыпшақ тілі болған. Татар, ноғай, қарақалпақ тілі қыпшақ тіліне өте ұқсайды«, - дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған.

Ғалымдар Ұлық ұлыстың пайда болу және құрылу тарихына да тоқталып өтті. Олардың айтуларынша, Алтын орда XIII ғасырдың бірінші жартысында пайда болған. Тарихтағы Алтын орданың рөлі туралы қазақстандық танымал ғалымдар Радик Темірғалиев, Амангелді Қашқынбаев, Айболат Көшкінбаев та айтты.

Сонымен қатар, Назарбаев университетінің профессоры, түркітанушы Юлай Шамиоглу көптеген жыл бойы Алтын ордамен байланысты мәліметтерді зерттеп жүргенін айтты.


Соңғы жаңалықтар