Ұлыбританияның барлық тұрғынына 650 фунт стерлинг жәрдемақы беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлыбританияда 8 млн астам отбасы 14 шілдеден бастап 326 фунт стерлинг көлемінде жәрдемақы алады. Ал күзде 324 фунт стерлинг сомасында екінші төлем беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі BBC News-ке сілтеме жасап.

Бұл 37 млрд фунт стерлинг көлеміндегі үкімет пакетінің бір бөлігі. Ол электр энергиясына, азық-түлікке және отынға жұмсалатын шығындар күрт өскен жағдайда халықтың ең осал топтарына көмек көрсетуге бағытталған.

Ең төменгі күнкөріс мөлшерінде екі төлем – барлығы 650 фунт стерлинг Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияның қандай да бір жәрдемақы алатын барлық тұрғынына автоматты түрде аударылады.

Сонымен қатар әлеуметтік жағдайына қарамастан Ұлыбританиядағы барлық отбасы күзде электр энергиясын төлеуге көмек ретінде 400 фунт стерлинг, сондай-ақ бұрын жарияланған муниципалды салық жеңілдіктері ретінде 150 фунт стерлинг алады.

Бұдан бөлек зейнеткерлер үшін 300 фунт стерлинг және мүгедектер үшін 150 фунт стерлинг мөлшерінде жеке төлем жасалады, ол 650 фунт стерлингке қосымша төленеді.

Үкіметтің бағалауынша, табысы төмен миллиондаған азаматқа биыл кем дегенде 1200 фунт стерлинг көлемінде қолдау көрсетіледі. Мамыр айында Ұлыбритания билігі қазан айындағы электр энергиясының қымбаттауына байланысты халыққа өтемақы бөлетінін жариялады.


Соңғы жаңалықтар