Ұлы Отан соғысы кезіндегі Ақмола өңіріндегі әскери госпитальдар туралы не білеміз?

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мұндай эвакогоспитальдардың жетеуі болған. Нақтырақ айтсақ, Ақмола қаласында №1600, Атбасарда №3984, Сталин ауданы Алексеевка селосында №1344, Щучинскіде №4110 және де Воробьёвка ауылында №4152 әскери госпиталі орналасқан. Ал, Атбасар қаласындағы №3006-шы госпитальда жаралы неміс тұтқындарын емдеген. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры.Гүлбаршын Салық мәлім етті.

Соғыстың алғашқы жылдарында ел аумағына 2 миллион 400 мың адам, 142 өнеркәсіп орны көшірілсе, ал, Көкшетау өңіріне 1941 жылдың аяғында 2 әскери госпиталь әкеліп орналастырылды. Оның алғашқысы 500 орынға арналып, 1942 жылдың аяғына дейін қызмет етті. Соңғысы соғыс біткенге дейін алғы шептен әкелінген жауынгерлерді емдеді.

Мына бір деректер жауынгерлердің денсаулықтарын жақсартып, қайтадан ұрыс даласына аттандыру үшін өңіріміздегі әскери госпитальдарда қандай істер атқарылғандығын көрсетеді. Мәселен, 1941 жылдың 21 желтоқсаны мен 1942 жылдың 14 қаңтары аралығында №1600 Ақмола қаласының әскери госпиталі екі жарым айға жететін 845 пұт көмір алған. Тағы бір деректе әскери госпитальдың киім-кешектер қоймасында 148 шинель, 13 күпәйке, 38 жаңа пилотка, жөндеуді қажет ететін 32 бәтеңкенің болғаны жазылған. Тіпті, командирлер мен жауынгерлердің киім-кешектерін жамап-жасқауды ақ халатты абзал жандар өз міндетіне алған.

Атбасардағы әскери госпиталь үшін аудан басшылары 1995 шаршы метрді құрайтын бұрынғы қазақ орта мектебінің ғимаратын берді деген деректер бар. Онда әр бөлме 823 шаршы метрді құрап, оған 250 кереует оңай сыйған. Тұрғындар мен мектеп оқушылары Отан қорғаушыларға қолдан келген көмектерін көрсетіп, емдеу палатасында жатқан жауынгерлерді саяси жаңалықтардан хабардар етіп, оларға әдеби кітап, газет әкеліп беріп отырған. Жергілікті әртістер, көркемөнерпаздар келіп, шағын қойылымдар қою арқылы солдаттардың көңілін көтеретін болған. Атбасар ауданындағы Ұлы жол, Молотов ауданындағы Заря колхоздарының да жанкешті еңбектерін ұмытуға болмайды.

«Мұрағат құжаттарының ішінде аса қызықтысы, соғыс жылдарынан қалған жеделхат. 1942 жылдың 21 қаңтарында жазылған жеделхатта Щучинск ауданында екі эвакогоспитальдың бар екендігі жайлы сөз етіледі. Біріншісі 400 адамға арналған №1054 және 240 кереует сыятын №4110 әскери госпиталі. Алғашқысы Бурабай курортты аймағы мен теміржол клубында орналасса, екіншісі «Курорт-Бурабай» станциясынан 22 шақырым жердегі «ЦК көмір өндірушілердің» (құжаттағыдай) демалыс үйінде болған. Ал, Бурабай поселкесінде 3 әскери аурухана және Сеченов атындағы институттың профессорлық құрамы жұмыс істеген», - дейді Гүлбаршын Салық.

Көкшетау қаласының аумағында да бірнеше әскери госпитальдар жұмыс істеген. Шыны керек, біздің қаламыз соғыс аймағынан алыста болғандықтан да, жаудың алғашқы шабуылдарына тойтарыс беріп, өздері жарақат алған жауынгерлер осы госпитальдарға жеткізілгенде жергілікті халықтың ынта-ықыласы жоғары болды. Әркім өзінше көмек жасап, қолдау көрсетуге тырысты. Олардың соғыс жайлы әңгімелерін тыңдап, өздерінің туған-туысқандарының соғыста жүрген шақтарын естеріне алып, мұңайды. Қаладағы №1054 және №3604 екі әскери госпитальда фашист тұтқындары емделген. №1054 ауруханасына түскен тұтқындар Қарағанды қаласындағы шахта жұмысшылары, Тамбов тарату лагерінен болған. Ал, №3604 әскери ауруханасы 1943 жылы 1 тамызда Павлодардан Көкшетау қаласына көшірілген. Кейін тұтқындарды ұстап тұруға жағдайдың жоқтығынан әскери госпиталь қаладан көшіріліп әкетілген. Бұл госпитальдың қайда көшірілгені жайлы құжатта жазылмағанымен, №1054 арнайы әскери госпиталіндегі тәртіп және күзет бастығының бұрынғы орынбасары, Көкшетау қаласының тұрғыны Иван Гнётовтың мынадай естелігі сақталған.

«Госпитальда неміс тұтқындары емделді. Олардың арасында румын, итальян, венгр, югослав, жапондар мен испан халқы да болды. 1946 жылдың күзінде тұтқындардың әскери госпиталі түгелімен жойылды», - дейді қала тұрғыны өз естеліктерінде.

Бүгін бізбен бірге мұрағат деректерін ақтарған оқырман қауым найзаның ұшымен, білектің күшімен келген Ұлы Жеңісті ата-бабамыздың бейбіт өмірге жол салған ұлы ерлігі деп бағалайтынына еш күмәніміз жоқ.

Соңғы жаңалықтар