«Ұлы Қазақстан» монументін тұрғызу арқылы 25 жылдағы жетістіктерімізді жаңа ғасыр еншісіне енгіземіз - Сағындықов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлы Қазақстан» монументін тұрғызу арқылы 25 жылдағы толағай жетістіктерімізді жаңа ғасыр еншісіне енгіземіз. Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысындағы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» жобасын талқылау барысында сенатор Елеусін Сағындықов білдірді.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы даңғыл жолға бет бұрған, сын-қатерге шеп құрған егемен еліміз үшін ерекше маңызды саяси құжат. Оның түпкі мазмұны - «Мәңгілік Елдің» өрлеу, өркендеу, өркениеттену жолдары. Асыл бабаларымыздың мұраты  «Мәңгілік Ел» өсиетін Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғасырлар тоғысында жалпыұлттық идеяға ұластырды. Оны жүзеге асыру және оның мызғымас іргетасын қалауға қатысу  баршамыздың қасиетті борышымыз, болашақ алдындағы мерейлі міндетіміз. Декларацияда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жаһандық көште қарышты дамып келе жатқан Қазақстанның қадамдары нақты айшықталған. Оның әрбір сөйлемі мен сөзінен әлеуметтік-саяси, экономикалық, қоғамдық өсу қарқыны мен еліміздің жарқын болашағын көріп отырмыз. Дүниенің төрт бұрышына түгел жайылған қаржылық-экономикалық ауыртпалықтарға Қазақстан халқы қаймықпай қарсы тұра білді. Тұңғыш Президентіміздің сенімді қолындағы қасиетті көк байрақтың астына қазақстандықтар тас-түйін жұмылды. Ұлы Шәкәрім «Құбылған әлем жарысы -  ақылды жанның табысы» дегендей, мемлекет Басшысы көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін ел пайдасына айналдыра білді. Елімізде дер кезінде қабылданған стратегиялық даму жоспарлары халықтың ауқатты тұрмысын қалыптастыруға, сырттан келген сын-қатерді тойтаруға, экономикалық реформалардан оң нәтиже алуға жол ашты», - деді ол.

Сенатордың атап өтуінше, бұл  өміршең бағдарламаларды уақытында іске асыруға ұйытқы болған атқарушы және өкілді билік жеңісі! Бұл  ынтымақ пен келісімді мұрат еткен халық жеңісі! Мұның бәрі  көне дәуірдегі көк түркілердің қағандары секілді «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» еліне еңбек еткен Нұрсұлтан Әбішұлының жеңісі!

«Ұлт Көшбасшысы елді қиындықтан шығарамыз деді  шығарды; дағдарысты жеңеміз деді  жеңді; әлемге сөзімді жүргіземін деді  жүргізді! Алмағайып өтпелі кезеңнен ел-халқын жүдесе де жүнжітпей, күйзелсе де күйдірмей алып шықты.Ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылы ішінде жүздеген жылдарда кеткен есемізді еңсердік. Сол кезеңнің әр жылы айрықша, әр жылдың жетістігі ғасырлар жүгін көтеріп тұр. Тәуелсіздікке қол жеткен бүгінгі дәуірде іштегі, сырттағы ұлтымыздың рухы өрледі. Біз «Мен  қазақпын!», «Мен  қазақстандықпын!» деп әлем халықтарының алдында мақтанышпен айтамыз. Қазақстан әлемдік мінберде өзінің бейбітшіл саясатын жүргізіп, континенттер тағдырын шешетін дамыған мемлекеттердің қатарынан өз орнын алды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ та әлем тарихында ғасыр құбылысы деп танылды»,-  деді Елеусін Сағындықов.

Сенатордың пайымынша, Қазақстан халқы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін қай уақытта да тұтастық, тұрақтылық, төзімділік көрсетіп келеді.

«Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?

Берекелі болса ел

Жағасы жайлау ол бір көл!» деп Ұлы Абай айтқандай, Көшбасшысын қаумалаған халқымыз өткен жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында Елбасын, оның сарабдал саясатын, қазақстандық даму жолын әрқашан қолдайтындығына тағы да куә болдық. Елбасының бастамасымен елорданы Алатаудан Арқаға көшіру еліміздің геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына жаңа бетбұрыстар әкелді. Таңғаларлық қысқа мерзім ішінде Еуразия кіндігінде, Есілдің бойында ертегідей жаһұт қала бой көтерді. Ұлт Көшбасшысы іргетасын қалаған, Жерұйық-Астана еліміздің, халқымыздың рухын асқақтатты. Астанаға сырттан тамсанып жүргендер келесі жылы «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесіне қатысып, бірнеше миллиондаған қонақтарымыз елорданың керемет келбетін, салтанатты сәулетін тамашалайтын болады. Осының бәрі тағдырдың бізге берген теңдесі жоқ сыйы. Сонымен бірге, Елбасымыздың тарихи рөлін аса жоғары атап өтіп, Астана төрінде «Ұлы Қазақстан» Монументін тұрғызу арқылы біз еліміздің, халқымыздың, оның Көшбасшысының Тәуелсіздіктің 25 жылындағы толағай жетістіктерін жаңа ғасыр еншісіне енгіземіз», - деді Сағындықов.

Соңғы жаңалықтар