Улы газ датчигінің арқасында 29 адамның өмірі аман қалды – ТЖМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде жылыту маусымы басталғалы улы газ датчигі дер кезінде дабыл қағып 29 адамның өмірін сақтап қалды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 1 маусым мен 19 қараша аралығында республика бойынша жеке тұрғын үйлерге 16 490 датчик орнатылды. Оның ішінде 7 758 дана табиғи газ датчигі, 8 284 улы газ және 448 дана түтін датчигі бар. Сондай-ақ, биыл жылыту маусымы басталғалы улы газдың таралу 3 жағдайы тіркелді, қуанышқа орай датчик уақытылы іске қосылды. Соның арқасында 29 адамның өмірі улы газ қаупінен аман қалды», - деді Нұрболат Дербісов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап республика бойынша 137 002 датчик орнатылған.

«Осы жұмыстың нәтижесінде өткен жылу беру маусымында 39 дабыл датчигі уақытылы іске қосылып 100 азаматтың өмірін құтқарып қалды», - дейді ол.

Сондай-ақ, комитет басшысы өрттің алдын алу шарасына қатысты БАҚ-та ақпараттардың жиі таратылатынын айтты.

Атап айтқанда, теледидар бойынша 650 хабар, баспасөз беттерінде – 2 425 және радио арқылы тілсіз жаудан сақтану туралы 3 777 хабар таратылған.

Одан бөлек, ТЖМ ресми сайты мен әлеуметтік желілерде 8 748 өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат орналастырылған.


Соңғы жаңалықтар