Ұлтым өзбек болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады – қатардағы жауынгер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ұлтым өзбек болғанмен, жүрегім қазақ деп соғады. ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы, қатардағы жауынгер Руслан Бақтияров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзінің айтуынша, Руслан Түркістан облысында туып-өскен. Өткен жылдың желтоқсан айынан бері Оралда әскери борышын атқаруда.

Қатардағы жауынгер ұлты құжатта өзбек деп жазылғанымен, шындығына келгенде, жүрегі қазақ деп соғатынын жасырмады. Өйткені қазақ пен өзбек атам заманнан бері ауылы аралас, қойы қоралас, төсекте басы, төскейде малы қосылған туысқан халық.

«Қазіргі таңда Орал қаласында орналасқан 5517-әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарамын. Біздің ротада қарулас достарым арасында қазақ, татар, украин, белорус, әзербайжан, қырғыз және басқа ұлт өкілдері баршылық. Бәріміз де татумыз, өйткені біздің күшіміз бірлікте. Күні бүгін көптеген сабаздар тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын қорғау барысында қайсарлықтың, әскери шеберліктің үлгісін көрсетуде. Түптеп келгенде, айтарым, біз қай ұлттың өкілі болсақ та, қасиетті Отанымызды қорғауға дайын тұруымыз керек. Әскери борышымды абыроймен өтеп, еліме қайтсам деймін», деді Р.Бақтияров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын көпірден секірген әйелді құтқарған оралдық әскери қызметшінің медальмен марапатталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Бақыт Алазов тәртіп пен тәрбиенің әскери қызметтің қос қанаты іспеттес екендігін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар