Ұлттың рухани бұлағы Наурызда ашылады – Жәди Шәкенұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық коды Наурызбен тікелей байланысты және Наурыз мерекесін табиғатпен үндестікте атап өту қажет. Бұл пікірді жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көктемнің өзі қазақтың табиғатымен, жанымен бірге жаралған дүние сияқты. Себебі, көктем – жыл басы. Қазір Иса пайғамбардың күнтізбесімен жаңа жылды 1 қаңтардан есептеп жүрміз ғой. Бірақ, біздің жасаған ортамыз, табиғатымыз, салт-дәстүр ерекшеліктеріміз, ұлттық кодымыз осы Наурызбен тікелей қатысты. Наурызда солтүстігімізде мұз құрсанып жатқанымен, оңтүстік өңірлерде ағаштар бүршік ата бастайды, көктем келеді. Сол себепті көктемнің алғашқы бүршігі қауашақ жара бастаған мезгіл – нағыз табиғаттың, даланың жыл басы сияқты. Ендеше осы уақытта тазалыққа баулып, табиғатпен үндесу керек, тілдесу керек, бірлесу керек. Сонда ғана ұлтымыз жаңарып, жасылданып, көктемдей бүрленіп отырады», - деді Ж. Шәкенұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Спикер Наурызда ағаш егу, бұлақтың көзін ашу сынды көптеген жоралғылардың жасалатынын атап өтті.

«Ағаш егуді алсақ, бүгінгі еккен ағашың ертеңгі ұрпаққа сая болады. «Бұлақтың көзін аш» деген бір ауыз сөздің де мағынасы үлкен. Мұнда тек қана бұлақтың көзін ашып, суды ағызу туралы айтылмауы керек. Ұлттың рухани бұлағы да осы Наурызда ашылып, ұрпаққа санасына тап-таза табиғатпен үндестікте жететін болса – ұлттың ең үлкен байлығы осы. Мен өзім жыл сайын көктемде ағаш отырғызуды, гүл өсіруді жақсы көремін. Өйткені табиғат адамға тазалық сыйлайды, адамның жаны таза болса, жүрегі таза болса, шығармашылықта таза дүниелер жазылады. Сондықтан, тылсым табиғатпен әрқашан байланыста болу керек. Өзім қарағай, самырсын, қайың, тал-терек егемін. Бала күнімде өзімнің туған ауылымда, арғы бетте қалған Алтай жерінде көп үйеңкі отырғызғанмын. 20-30 жылда олар саялы ағашқа айналған. Жол салғанда да жұрт тиісуге бата алмаған үлкен ағаш «Жәдидің үйеңкісі» аталып кеткен екен. Яғни, көктемнің, Наурыздың, табиғаттың бізге берері көп. «Туған жерге туыңды тік» дегендей, өз жерімізге жасыл желекті көп отырғызсақ, оның саясын ұрпақ көреді», - дейді Ж. Шәкенұлы.


Соңғы жаңалықтар