Ұлттық жоба: 250 жаңа мәдени нысан салынып, отандық фильмдер үлесі артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 250 жаңа мәдени нысан салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының мақсатын түсіндіру кезінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екінші бағыт «Ел Рухы» деп аталады және мәдениет саласында қызметтердің қолжетімдігін арттыру бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды, сондай-ақ шетелде отандық мәдени өнімді дәріптеп, танымал ету ескерілген. Бұл мақсатта іріктелген 13 іс-шара және 2025 жылға қарай 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған», - деді А. Балаева.

Осы орайда инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени нысандарды салу арқылы мәдениет саласының қызметімен ауылдар мен шалғайдағы елді мекендердің 92,5 пайыз тұрғыны қамтылады. Мәдениет нысандарына тұрғындардың баруын екі есеге арттыру жоспарланған. Бұл мақсат үшін 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1 200 нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.

Министрдің айтуынша, елдің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімді жаңғырту жүйесі құрылады. Соның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі базасында 40 анимациялық фильм жасау ескерілген. Мұнымен қоса, шығармашылық болашағы бар таланттардың 150 жобасына қолдау жасалмақ.

А. Балаева өз сөзінде «Е-culture.kz» бірыңғай электронды платформа жобасына тоқталды. Жоба отандық мәдениеттің барлық жетістіктеріне еркін режимде онлайн түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Жер шарының кез келген нүктесінен, үйден шықпай-ақ, біздің мұражайлар мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерге баруға болады», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар