Ұлттық ұланның «Әскери керней» оркестрлер фестивалі аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесіне арналған үш күндік «Әскери керней» оркестрлер фестивалі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл фестиваль Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналды. Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының күштік құрамдас бөлігі ретінде қылмысқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде келеді. Жауынгерлеріміз уақытпен есептеспей, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғауда жолында жүр. Бүгін біз игі дәстүрге айналған әскери оркестрлер арасындағы ІХ әскери-музыкалық фестивальдің қорытынды бөлігіне куә болып отырмыз. Барлық шығармашылық ұжымға зор денсаулық, биік белестерді бағындыруды, сондай-ақ Отанымыздың гүлдену жолындағы қажырлы әскери қызметтеріне толайым табыстар тілеймін», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов.

Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі сайыстың Гран-приін алды. 1-орын «Шығыс» өңірлік қолбасшылғының әскери оркестріне берілсе, 2-орынды «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери ұжымдары өзара бөлісті, ал 3-орында Ұлттық ұлан Академиясының музыканттары.

«Әскери керней» фестивалінің плац-концерті Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрдың жазғы сахнасында өтті. Фестивальдің финалдық бөлігіне Ұлттық ұланның үздік әскери оркестрлерінен бөлек, Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауыл ротасы (Президенттік оркестр), Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жиынтық оркестрі және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі қатысты.


Соңғы жаңалықтар