Ұлттық ұлан әскери бөлім командирлерінің жауынгерлік шеберлігі сыналды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында республиканың барлық өңірлерінен келген 30-ға жуық әскери бөлім командирінің жауынгерлік шеберлігі сыналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті.

3 күндік жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 30-ға жуық әскери бөлім мен бригада командирлері қатысты.

Алдыңғы шептегі офицерлер кәсіби біліктілігін шыңдап, теориялық және тәжірибелік сынақтардан өткен.

«Кәсіби-лауазымдық дайындық шеңберінде ұйымдастырылған әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны - біз үшін таптырмас тәжірибе. Арнайы жасақтың жетекшілігімен оқ атудың жаңа тәсілдерін үйреніп, өзіміздің жеке құраммен ары қарай ұрыстық жаттығуларда қолданысқа енгізетін боламыз», - деді Ақтау қаласынан келген «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің командирі Марат Рахпанов.

Шығыс, Батыс, Оңтүстік және Орталық өңірлік қолбасшылықтарынан келген әскери бөлім командирлері жауынгерлік дайындықтың негізгі түрлерінен сынға түсті.

Түнгі және күндізгі жағдайда автомат пен тапаншадан нысанаға атудан мергендіктерін көрсетіп, 3 шақырым қашықтыққа жүгіріп, турникке тартылудан және қоян-қолтық ұрыстан әр офицердің дене дайындығына баға берілді.

«Бұл жиын біз үшін өте маңызды. Себебі әскери бөлім басшыларының іс жүзіндегі жауынгерлік дайындықтары сыналып, лезде шешім қабылдап, шұғыл әрекет ете білу бойынша біліміміз бен біліктілігіміз шыңдалып жатыр», - деді Қарағанды қаласынан келген «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 бригадасының командирі Хамит Қазенов.

Соңғы жаңалықтар